Кипрде 22 жастағы қазақ қызын пышақтап кетті: СІМ не дейді?
Солтүстік Кипрде 22 жастағы Қазақстан азаматына белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Қазіргі уақытта жас қыздың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға Никосия қаласындағы Metropol Market супермаркетінде болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуыл бүгін сағат 11:45 шамасында жасалған. Белгісіз ер адам Жанерке Әбдіразақоваға пышақпен шабуылдап, оны өлтіруге әрекеттенген. Артынша күдікті өзіне де пышақ жарақатын салған.
Жарақат алған екі адам да дәрігер Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілген. Соңғы мәлімет бойынша, қазақстандық қыздың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Ал шабуыл жасады деген ер адам да медициналық бақылауда.
Оқиға жергілікті қоғамдастық арасында үлкен алаңдаушылық туғызды. Тұрғындар осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етуде.
Полиция әзірге шабуылдың нақты себебін анықтаған жоқ. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді.
«Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде біздің азаматымызға қатысты орын алған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар мән-жайды анықтауда және жергілікті құзырлы органдармен байланыста. Қосымша ақпарат ресми мәліметтердің түсуіне қарай ұсынылады. Бұл мәселе Министрліктің бақылауында», - делінген министрлік хабарламасында.
Соңғы жаңалықтар