Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты

23.06.2026 13:05 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты
273
Фото: видеодан скрин

Көкшетауда жүргізуші куәлігі болмаса да көлік тізгініне отырып, жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz қалалық соттың мәліметіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 2026 жылдың 9 мамырында тұрғын үй ауласына бұрылар тұста болған. Сотталушы С. күйеуінің денсаулығы күрт нашарлаған соң оның рұқсатымен рульге отырғанын, алайда бұрылыста басқаруға ие бола алмай, жол шетінде бара жатқан 52 жастағы әйелді қағып кеткенін түсіндірді. Алған ауыр жарақаттарынан ауруханада көз жұмған жәбірленушінің 12 жасар баланы жалғыз өсіріп отырған ана екені анықталды.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шынайы өкінетінін жеткізді және жәбірленуші тарапқа келтірілген шығынды толық өтеп, кешірім сұрады. Жәбірленуші жақ сотта ешқандай талабы жоқ екенін айтып, әйелді бас бостандығынан айырмауды сұрағанымен, заң талабына сай бұл бапта балама жаза түрі көзделмеген. Сот кінәлінің асырауында екі кішкентай баласы барын ескеріп, жазаны өтеу мерзімін 3 жылға кейінге қалдырды.

Көлікті құқығы жоқ адамға бергені үшін оның жолдасына қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінді, ал шыққан сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий