Криминал басқарған ұрлық: «Қазақмыс» нысандарындағы қылмыстық схема әшкереленді

11.06.2026 14:43 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Криминал басқарған ұрлық: «Қазақмыс» нысандарындағы қылмыстық схема әшкереленді
75
Фото: Бейнеден алынған скрин

Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясының нысандарында ұзақ уақыт бойы қылмыстық схема ұйымдастырып келген бірнеше топ құрықталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігі былтырдан бері еліміздегі стратегиялық алып кәсіпорындардың экономикалық қауіпсіздігін қорғауға баса назар аударып келеді. Ведомство мәліметінше тергеушілер жергілікті криминалдық авторитеттердің қамқорлығымен әрекет еткен ірі қылмыстық топтың ісін сотқа жеткізген. Бұл топ құрамында бағалы металдар өте көп кездесетін кен қорытпаларын жымқырудың аса күрделі схемасын ойлап тапқан. Жалпы алғанда 2026 жылдың басынан бері жедел уәкілдер компанияға орасан зор шығын әкелген төрт бірдей ұрлықтың бетін ашты.

Ал 7 мамырда полиция қызметкерлері Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп кезекті арнайы операция өткізіп, жанар-жағармай ұрлау схемасын әшкереледі. Күдіктілерді ұстау кезінде олардан бір тоннадан астам отын мен ірі көлемде қолма-қол ақша табылды. Оған қоса заңсыз әрекеттерін растайтын көлік құралдары мен заттай айғақтар және оқ-дәрісі бар қару тәркіленген.

«Тергеу барысында ұрлық арнайы техниканы жалған жанармаймен толтыру және құжаттарды қолдан жасау арқылы жасалғаны анықталды, бұдан бөлек күзет құрылымдарының кейбір қызметкерлері тарапынан да жәрдемдесу фактілері белгілі болды», – деді Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Оның сөзіне қарағанда қазіргі уақытта полиция келтірілген шығынның 94,5 пайызын өндіріп үлгерген. Дегенмен мамандар қаржылық құжаттарға талдау жүргізуді жалғастырып жатыр. Алдын ала болжам бойынша ұрылардың әрекетінен келген жалпы шығын көлемі өте ірі мөлшерге жетуі мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий