"Күресіп жатырмын": Данияр Елеусінов қазақ елінен қолдау сұрады (ВИДЕО)
Әуесқой бокстан Олимпиада және әлем чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желіде ішімдікке тәуелді екенін ашық айтып, қазір оңалтудан өтіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Спортшы Олимпиададан кейін ішімдікке әуестігі күшейіп, бұл әдеті артынан ауруға айналғанын жасырмады. Ол қазір арнайы оңалтудан өтіп, өз мәселесімен күресіп жатқанын жеткізді. Боксшы жұрттан өзін сынап, мазақ етпеуді өтінді. Оның пікірінше әр адамның өмірде өз сынағы болады. Бұған қоса ол өзінің бұрынғы жетістіктерін еске салып өтті.
Болашақта АҚШ еліне қайта оралып, Zuffa чемпионы болуды мақсат етіп отыр. Осы орайда Елеусінов қазақстандықтарды өзін даттамай, қайта қолдау көрсетуге шақырды.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың шілде айында Астана қаласында Данияр Елеусінов жеңіл дәрежедегі мас күйде көлік басқарған болатын. Ол өзінің Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігімен паркинг қақпасын соққан. Оқиға орнынан қашпақ болған спортшы тағы бірнеше автокөлікке соғылып, артынша полицияның қолына түсті. Жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда мамандандырылған сот оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Соңғы жаңалықтар