Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды

09.07.2026 14:02 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды
185

Астанада мас күйінде бірнеше көлікті соққан боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында спортшыға қатысты іс қаралды. Тергеу барысында оның жеңіл дәрежедегі масаң күйде көлік тізгіндеп, қала көшелерінде бірден үш жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталды. Алдымен жерасты тұрағының қақпасына соғылып, кейін басқа көлікпен соқтығысқан. Соққы екпінімен ол көлік тағы бір машинаны барып соққан. Одан кейін боксшы Kia Sportage автокөлігін қағып, ол өз кезегінде Toyota Hilux көлігіне барып соғылған. Жол апаты салдарынан барлық көлікке зақым келіп, иелеріне материалдық шығын келтірілді.

Медициналық сараптама қорытындысы, бейнежазбалар мен куәгерлердің түсініктемелері арқылы оның кінәсі толық дәлелденді. Сот отырысында спортшы өз кінәсін мойындады.

"сот Е.-ге 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады", – делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Данияр Елеусінов 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, еңбек сіңірген спорт шебері және кәсіпқой бокста IBO тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы.

Войдите, чтобы оставить комментарий