«Күйік ішке түсіп кеткен»: Актер Жанболат Найзабеков анасының жанарынан айырылғанын айтты

01.10.2026 • 15:26 Мөлдір ҚАЙНАР
«Күйік ішке түсіп кеткен»: Актер Жанболат Найзабеков анасының жанарынан айырылғанын айтты
106
Фото: видеодан скриншот

Танымал актер Жанболат Найзабеков отбасындағы ауыр сынақ жайында ашық айтып, анасының қос жанары көрмей қалғанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында Түркияға анасының тізесіне ем іздеп барғанда дәрігерлерден күтпеген суық хабар естігенін еске алды:

«Ыстамбұлға анамның екі тізесіне ота жасатамыз деп апарғанда, дәрігерлер “Мәселе аяқта емес, 3-4 айда анаңның көзі көрмей қалады” деді. Көздің артындағы жүйке талшықтарында бір тамыр үзілейін деп тұр екен. Адам көру қабілетінен айырылған соң, бойында діріл пайда болады екен. Жүріп келе жатып, бұрылыстарда бұрыла алмай қалады. Алдыңғы төрт баламды да өзі бесікке бөлеп, өзі шомылдырып, мәпелеп баққан еді. Ал бесінші ұлым Мұхаммед дүниеге келгенде анам: “Немеремді көрмей отырмын, тек дауысын естимін. Түу, көре алмаймын-ау”, – деді. Оны естігенде жүрегім ауырып, шыдай алмай далаға шығып кетемін. Бұл да бір үлкен сынақ қой. Әкем көз дәрігері бола тұра: “Ұста пышаққа жарымайды. Дәрігер болсам да, әйелімнің көзін сақтап қала алмадым”, – деп мұңаяды. Анам бұрын көзі көріп жүргенде: “Балам, байысаң, мені Дубайға апаршы” дейтін. Жақында сөйлесіп отырып: “Мама, амалсыздық деген осы екен ғой. Мен сізді қазір кез келген жерге апара аламын, бірақ мен апарған сұлулықты сіз көре алмайсыз ғой” дедім», – дейді актер ағынан жарылып.

Сондай-ақ өнер иесі анасының жанарынан айырылуына пандемия кезіндегі ауыр соққы мен ішкі күйзеліс тікелей әсер еткенін жеткізді:

«Анамнан барлық қайғыны іште сақтаған кезі болды ма деп сұрадым. Коронавирус өршіп тұрғанда туған інісі мен келіні қатар қайтыс болыпты. Сол кезде жоқтау айтып, жылай алмаған екен. Күйік ішке түсіп кеткен. “Айқайлап інім мен келінімді жоқтай алмадым, содан 2-3 күн өткен соң көзім бірден күрт нашарлай бастады” деп айтты», – деді Жанболат Найзабеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий