«Квартираға жүр, демалайық»: 60 жастан асқан еркек 15 жастағы қыздың мойнынан құшақтап алған
Талғар ауданының Бесағаш ауылындағы «Алматау» тұрғын үй кешенінде сұмдық оқиға болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы журналист Тоқтар Жақаш әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Айтуынша, мектептен үйге қайтып келе жатқан 15 жастағы оқушы қыз есік алдында зорлықтың құрбаны бола жаздаған.
«Подъезге жақындағанда арғы жақтан үй жаққа қисалаңдап келе жатқан 60 жастан асқан еркек 15 жастағы қыздың мойнынан құшақтай алады. Шошып кеткен қыз бала қолын ары итеріп жібереді. Ойында ештеңе жоқ, подъезге кіреді. Сөйтсе, әлгі еркек артынан жүгіріп келіп, белінен құшақтап, құлағына «квартираға жүр, демалайық» дейді. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп құтылып, лифтке мініп, пәтеріне әрең жетеді», - деп жазды ол.
Кешке анасы жұмыстан келген соң қыз бәрін баяндап айтып берген.
Анасы дереу полиция шақырады.
«Талғар аудандық Ішкі істер бөлімінің екі участкелік полиция қызметкері келеді. Олар үшінші қабатта тұратын әлгі шалдың пәтеріне барады. Пәтерден шалдың ұлы мен қызы шығып, қыздың анасына небір боғауыз сөздерді жаудырады. Шалдың ұлы мен қызы: «бізге ештеңе істей алмайсыңдар! Барлық жерде адамдарымыз бар! Білгеніңді қыл!» депті», -деп жазды Тоқтар Жақаш.
Айта кетері, ер адамның әрекеті бейнекамераға түсіп қалған.
Арызданушы тараптың айтуынша, учаскелік полицейлер қыз зорланбағанын алға тартып, арызды тіркеуге асықпаған.
Ал қыз бен оның анасында тұрғын үй кешенінің бейнебақылау камераларынан алынған дәлелдер бар екені айтылды. Кадрларда ер адамның подъезд алдында қызды құшақтағаны көрінеді.
Журналистің жазуынша, соған қарамастан, Талғар аудандық полициясы қылмыстық істі әлі тіркемеген.
Соңғы жаңалықтар