Абай облысында мас жүргізуші полициядан қашпақ болып патрульдік көлікпен соқтығысты

Абай облысында мас жүргізуші полициядан қашпақ болып патрульдік көлікпен соқтығысты
Фото: Politico.kz

Абай облысында полицейлердің тоқтау туралы талабына бағынбаған 62 жастағы жүргізуші түн ішінде қашуға әрекет жасап, патрульдік көлікпен соқтығысқан, деп хабарлайды Politico.kz.

Кейін оның мас күйде болғаны анықталды.

Оқиға 21 қараша күні сағат 00:23 шамасында Үржар ауданында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері Hyundai Tucson автокөлігін байқап, жүргізушісіне тоқтау туралы белгі берген. Алайда ер адам полиция талабына бағынбай, оқиға орнынан қашуға тырысқан.

Ол қуғыннан құтылу үшін негізгі жолдан шығып, көлікпен ойлы-қырлы жермен жүруді жалғастырған. Алайда қашып бара жатқан кезде Hyundai Tucson қызметтік Chevrolet Cobalt көлігіне соғылған.

Оқиғадан кейін полицейлер 62 жастағы жүргізушіні ұстап, медициналық куәландырудан өткізген. Тексеру нәтижесінде оның алкогольдік мас күйде болғаны расталды.

Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушіге қатысты екі құқықбұзушылық бойынша материалдар жиналып, сотқа жолданған. Енді оның қандай жазаға тартылатынын сот шешеді. Ал Hyundai Tucson арнайы айып тұрағына қойылды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу