Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласының азаматтығына қатысты күмән көбейді

18.06.2026 13:13 Әсел МҰРАТ
Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласының азаматтығына қатысты күмән көбейді
180
Коллаж: politico.kz

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы, халықаралық іздеуде жүрген Азамат Қапеновтің азаматтығына қатысты мәселе қоғамда қызу талқылана бастады, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачков Қапеновте бірнеше төлқұжат болуы мүмкін деген байламға келіп отыр.

Козачковтың жазуынша, Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов қазір бірден екі мемлекеттің – Қазақстан мен Ресейдің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүр. 

Қазақстанда оған алаяқтық және қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану күдігі тағылған. Келтірілген шығын көлемі 5 миллиард теңгеден асады, ал істі Қаржы мониторингі агенттігі тергеп жатыр. 

Ал жуырда Мәскеу соты оны қазақстандық кәсіпорындағы үлесті иемденіп алды деген күдікпен сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды.

«Қазіргі таңда Азамат Қапенов Қырғызстан аумағында жүр, өйткені өзін осы елдің азаматы санайды. Негізінен, дәл осы жайт оның экстрадициялану үдерісін күрделендіріп отыр. Алайда бұл жерде бір маңызды мәселе бар – Қапеновтің азаматтығына қатысты құжаттарының заңдылығына күмән туындайды», - деп жазды Козачков.

Журналист Азамат Қапеновтің азаматтығына неліктен күмән келтіретінін түсіндіріп өтті.

«Азамат Қапенов 1978 жылы Қырғыз Республикасының Қаракөл қаласында дүниеге келген. Кейін Бішкекке қоныс аударып, 1995 жылы Алматыға келіп, ҚазМУ-да білім ала бастайды. Алты жылдан соң ол өмірін Қазақстанмен түбегейлі байланыстыруға шешім қабылдап, еліміздің азаматтығын алуға өтініш береді. Өтінішінде тарихи Отанына оралуды негіз ретінде көрсеткен. Сол кезеңде ол Қырғызстан азаматтығынан бас тартуға міндетті еді», - деп атап өтті журналист.

Айтуынша, 2001 жылы Қапенов арнайы тексеруден өтіп, Қазақстан аңдарын сақтауға міндеттеме алды. Осыдан кейін Қазақстан азаматы атанып, көгілдір түсті қазақстандық төлқұжатқа ие болады. Кейін бұл құжаттарды бірнеше рет жаңартқан.

«Сондай-ақ Азамат Қапенов бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын да өтеген. Ол танысына бокалдың сынған шыныларын пайдаланып бірнеше жарақат салған. Яғни түзеу мекемесіне ол Қазақстан азаматы ретінде барған. Рас, кейін Алматы қалалық соты оны ақтап шықты. Бұл шешім Қапенов Мәсімовтің қызына үйленгеннен кейін қабылданған болатын», - деді журналист.

Ал 2016 жылы оның қазақстандық төлқұжаты мен жеке куәлігі жарамсыз деп танылды. Себебі ол Қазақстан азаматтығынан айырылған еді. Мұның негізі – оның Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны.

«Бір қызығы, 2015 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағаннан кейін Азамат Ресейге көшіп кеткен. Соған қарамастан, бүгінде оның қолында Қырғыз Республикасының жарамды төлқұжаты бар. Бұл қалай болғаны?», - деп таңданысын білдірді журналист.

Козачковтың жазуынша, Қырғызстан заңнамасы қазіргі таңда қос азаматтыққа рұқсат береді. Алайда бұрын мұндай мүмкіндік Конституциямен шектелген болатын. Тек 2007 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, «Қырғыз Республикасының азаматтығы туралы» заң қабылданып, онда бәрі нақты жазылған. Соның ішінде 26-бапта көрші мемлекеттердің, яғни Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай азаматтығын алған жағдайда, Қырғызстан азаматтығынан айырылатыны көрсетілген.

«Осылайша, Қазақстан азаматтығын алған кезде Қапеновтің Қырғызстан төлқұжатын сақтап қалуға құқығы болмаған. Бұдан кейін де, Қазақстан азаматы ретінде он бес жыл өмір сүрген кезеңде ол бір мезгілде Қырғызстан азаматы болып қала алмайтын еді. Бұл – екі елдің заңнамасында да көзделген талап. Сонымен қатар Қапенов өзінің Instagram парақшасында Қырғызстан азаматтығын туғаннан бері иеленіп келе жатқанын және одан ешқашан бас тартпағанын мәлімдейді. Егер бұл сөзі рас болса, онда ол азаматтығын ауыстырған кезде Қырғызстан төлқұжатын тапсырмаған, керісінше сақтап қалып, кейін қайта рәсімдеген болып шығады. Ал бұл Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын тікелей бұзу болып саналады. Бішкектегі жоғары лауазымды құқық қорғау органдарының басшылары бұл мәселеге қалай қарайды екен?», - деді Козачков.

Войдите, чтобы оставить комментарий