Қазақстандықтарға шетелге шығуға қатысты маңызды ескерту жасалды

16.09.2026 21:25 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстандықтарға шетелге шығуға қатысты маңызды ескерту жасалды
213
Ашық дереккөз

Қазақстандық дипломаттар шетелге шығатын азаматтарға бірқатар маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Олар сапар алдында құжаттардың жарамдылық мерзімін тексеріп, шетелдегі талаптарды алдын ала зерделеуге шақырды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарға паспорт, виза, елде болуға рұқсат және басқа да қажетті құжаттардың мерзіміне назар аударуды ұсынды. Сонымен қатар шетелге шығар алдында медициналық сақтандыру рәсімдеп, әуе билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алу қажет.

Азаматтарға әуе компанияларының багаж және транзит талаптарын сақтау, жеке құжаттарын бөгде адамдарға бермеу ескертілді. Сондай-ақ ішіндегі заттардың не екенін нақты білмей тұрып, басқа адамдардың сөмкесі, сәлемдемесі немесе өзге де заттарын алып жүруге болмайды.

Дипломаттар Грузия, Таиланд және Индонезияға қатысты қолданыстағы талаптарға да тоқталды.

Грузияда 1 қыркүйектен бастап шетелдіктердің заңда белгіленген жұмыс істеу құқығынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруы елден шығаруға негіз болуы мүмкін. Қазақстан азаматтары үшін Грузияға 365 күнге дейін визасыз кіру және болу мүмкіндігі сақталған. Алайда бұл жұмыс істеуге автоматты түрде құқық бермейді. Елден шығарылған шетелдік азаматқа Грузияға қайта кіруге 2 жылдан 5 жылға дейін тыйым салынуы мүмкін.

Таиландта 15 қыркүйектен бастап шетелдіктерге арналған 60 күндік визасыз режим тоқтатылды. Енді Қазақстан азаматтары елге визасыз кірген жағдайда 30 күнге дейін бола алады. Сонымен қатар 180 күн ішінде визасыз болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауы тиіс.

Индонезияда қазақстандықтар шілде айынан бастап 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Бұл режим тегін және бір рет кіруге мүмкіндік береді. Елде болудың ең ұзақ мерзімі — келген күннен бастап 30 күн.

Сыртқы істер министрлігі шетелге сапар жоспарлаған азаматтарға баратын елінің талаптарын алдын ала тексеріп, жергілікті заңнаманы сақтауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий