Мәскеуге 200-ден астам дрон бұрын-соңды болмаған шабуыл жасады

18.06.2026 18:07 Қарақат АСЫЛОВА
Мәскеуге 200-ден астам дрон бұрын-соңды болмаған шабуыл жасады
426
Фото: Reuters
Мәскеудегі мұнай зауыты тағы да отқа оранды

Ресей астанасы Мәскеу мен Мәскеу облысына түнде жүздеген ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады, деп хабарлайды Politico.kz сайты BBC News-ке сілтемемен.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бір түн ішінде елдің 17 өңірі бойынша жалпы саны 555 дрон «ұсталып, жойылған».

Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің айтуынша, таңғы сағат 09:00-ге қарай астана маңында шамамен 194 дрон атып түсірілген. Ресейлік ТАСС агенттігі бұл шабуылды соңғы екі жылдағы Мәскеуге жасалған ең ауқымды дрондық шабуыл деп атады.

Шабуыл салдарынан «Садовод» сауда орталығы аумағына дрон сынықтары құлап, ғимараттардың біріне зақым келген. Сондай-ақ «Мега Белая Дача» сауда орталығында өрт шығып, оның жұмысы уақытша тоқтатылды.

Бірнеше дрон Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауытына жеткен. Бұл кәсіпорынға бір апта ішінде екінші рет шабуыл жасалып отыр. Бұған дейін Reuters агенттігі зауыттағы өрттен кейін өндіріс толық тоқтатылғанын хабарлаған еді.

Мәскеу облысында шабуыл салдарынан кемінде 17 адам зардап шекті. Украина президенті Владимир Зеленский бұл әрекетті Ресейдің украин қалаларына жасаған соққыларына «әбден орынды жауап» деп бағалады.

Жаппай шабуылдан кейін Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің тиімділігіне қатысты сұрақтар тағы да күшейе түсті.

Войдите, чтобы оставить комментарий