Мектеп әжетханасында 10-дағы баланың зорланғаны хабарланды
Қостанай облысында мектепте 10 жастағы балаға сексуалдық зорлық көрсетілген болуы мүмкін. Оқиғаға қатысы бар деген күдікке 11 және 12 жастағы екі оқушы ілінді. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры хабарлады. Ұйымның мәліметінше, оқиға мектеп дәретханасында болған. Оған алтыншы сыныпта оқитын екі бала қатысы болуы мүмкін.
Қордың хабарлауынша, болған жағдайды басқа бір оқушы байқап қалған. Ол көргенін жәбірленді делінген баланың ағасына айтып берген. Осыдан кейін оқиға туралы ересектер білген.
«НеМолчиKZ» мәліметінше, мектеп директоры аудандық полиция бөліміне жүгінген, ал баланың анасы арыз жазған. Қылмыстық іс 16 қарашада тіркелген.
Оқиғаға Қостанай облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова да пікір білдірді. Оның айтуынша, 16 қарашада баланың анасы өзіне көмек сұрап келген.
«Баланың анасымен сөйлестім. Өз өкілеттігім шеңберінде бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша көмек көрсетіп, тиісті мемлекеттік органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен байланысқа шықтым», – деді Басенова.
Қостанай облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп жатыр», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Полиция тұрғындарды тергеу аяқталмай тұрып асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Соңғы жаңалықтар