Мемлекеттік гранттың қорытындысы жарияланатын күн белгілі болды

05.08.2026 19:43 Қарақат АСЫЛОВА
Мемлекеттік гранттың қорытындысы жарияланатын күн белгілі болды
199
Фото: Halyq-uni.kz

2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Министрдің айтуынша, комиссия құрамында қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары қауымдастығының, білім саласы кәсіподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жұмыс істеген. Мемлекеттік гранттар қолданыстағы ережелерге сәйкес конкурстық негізде бөлінген.

Биыл грант конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам талапкер өтініш берген. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бар.

Сондай-ақ биыл аудармашы, дипломат, заңгер, психолог және педагог мамандықтарына бөлінетін бір гранттық орынға бәсекелестік жоғары болады деп күтіліп отыр.

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 7 тамыз күні сағат 15:00-де ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен министрдің ресми ақпараттық платформаларында жарияланады.

Айта кетейік, жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылдың 25 тамызына дейін жалғасады.

Войдите, чтобы оставить комментарий