«Мен неге қазақ емеспін?»: ресейлік азамат қазақстандықтардың эвакуациясын қызғанып қалды
Ресей азаматы өз елінің азаматтарын эвакуациялау қарқынын қазақстандықтарды эвакуациялау жылдамдығымен салыстырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазіргі уақытта Катарда жүрген ресейлік Денис Смычек Instagram желісінде жазба жариялап, Ресей билігінің эвакуациялау жұмыстарының жағдайын екіұшты деп атады. Оның айтуынша, оларға тек белгілі бір аумақтың ішінде ғана жүруге рұқсат берілген.
«Соңғы жаңалықтар: Қазақстан азаматтарына елшілік Сауд Арабиясына виза рәсімдеп беріп, ертең барлығын автобустармен алып кетеді (жол шамамен 22 сағатқа созылады). Одан кейін оларға Алматыға тегін әуе рейсі ұсынылады. Бұған қоса әрқайсысының картасына 35 доллардан жіберіп жатыр. Ал бізде ештеңе жоқ. Бірақ біз еңсемізді түсірмейміз. Жағдайдың жақсы аяқталарына сенеміз», – дейді ол.
Ол досымен бірге серуендеп жүрген сәтте диспетчер қазақстандықтарды эвакуациялауға дайындық басталғанын хабарлайды.
«Қазақстан елшілігі өкілінің мәліметінше, Қазақстанның барлық азаматы WhatsApp арқылы жіберілген сілтеме бойынша шұғыл түрде Сауд Арабиясына визаға өтініш беруі қажет. Себебі сіздерді алып кететін автобустар Сауд Арабиясының аумағына кіреді. Қазақстан елшілігі ұйымдастырған Джидда қаласынан тегін ұшақ сіздерді тікелей Алматыға жеткізеді», – деп хабарлайды диспетчер дауыс зорайтқыш арқылы.
Осы жағдайды көрген видео авторы әзілдеп: «Анашым, неге мен қазақ емеспін?» – деп сұрайды.
Пікірлерде қазақстандықтар оларды Таяу және Орта Шығыс елдерінен жедел түрде эвакуациялағанын растады.
«Қазір түнгі шөл арқылы жол жүріп келеміз, Эр-Риядқа жақындап қалдық. Одан кейін Джиддаға автобустармен барамыз (шамамен 10 сағат жол), сол жерден Қазақстанға ұшамыз», - деп жазды оның видеосына желі қолданушысы.
«Германияда шамамен 10 жыл тұрып келемін. Жақында ғана консулдық есепке тұру керек екенін білдім. Мен консулдан бұл не үшін қажет екенін сұрадым. Ол төтенше жағдай болса, азаматтардың қай жерде жүргенін біліп, оларды қалай эвакуациялау керегін анықтау үшін қажет екенін айтты. Мұны естігенде көңілім жайланып қалды», - деді енді бірі.
«Өткен жылы жарылыстар мен зымырандардың ортасында біздің ұшақ мүмкін емес нәрсені жасап, қазақстандықтарды соғыс аймағынан алып шыққанын бәрі де ұмытқан жоқ», - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
«2011 жылы Жапонияда Қазақстан елшілігі өте жедел әрекет етті, тіпті басқа елдердің азаматтарын да өздерімен бірге алып кеткен. Мен қырғыз паспортымен еш қиындықсыз ұшаққа отырдым, қасымда бір жасар балам болды. Олар төлқұжаттың түсіне қарамады, әйелдер мен балаларды алып кетті. Қазақстанға үлкен алғысымды білдіремін», - деді тағы бір желі қолданушысы.
Еске салайық, қазақстандықтарды Таяу Шығыс елдерінен эвакуациялау жұмыстары басталды. FlyDubai әуе компаниясы Дубай – Астана және Дубай – Алматы бағыттары бойынша екі рейс орындады. Бұл рейстер арқылы 306 жолаушы елге жеткізілді. Жақында Азаматтық авиация комитеті жаңа рейстер мен олардың кестесін де жариялаған болатын.
Последние новости