«Мен құқық қорғау органында жұмыс істеймін»: Семейде ішімдік ішіп жанжал шығарған ер адам ұсталды
Семей қаласында тұрғын үй кешенінің ауласында тааңғы уақытта болған жанжалға қатысқан барлық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 31 шілдеге қараған түні «Синяя птица» тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Куәгерлердің айтуынша, таңғы сағат төрт шамасында бір топ адам аулада ішімдік ішіп, қатты дауыстап сөйлеп, былапыт сөздер айтып, тұрғындардың тыныштығын бұзған. Кейін олардың бірі аулаға келген көліктің капотына шығып, жүргізушіге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі такси қызметін атқарған. Ол жолаушылардың мас күйде болғанын және көлікке алкоголь алып кірмек болғанын байқап, оларды тасымалдаудан бас тартқан.
Оқиға орнына полиция шақырылғанымен, патруль жеткенше жанжалға қатысушылар тарап кеткен. Кейін Абай облысы Полиция департаменті олардың барлығының жеке басы анықталғанын хабарлады.
Тексеру нәтижесінде көлік капотына шыққан ер адамның қоғамдық орында алкоголь ішкені, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны белгілі болды. Сондай-ақ оның құқық қорғау органдарында жұмыс істемейтіні анықталды.
Полиция мәліметінше, жанжалға қатысқан қалған азаматтар да қоғамдық орында былапыт сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, іс материалдары мамандандырылған әкімшілік соттың қарауына жіберілді.
Соңғы жаңалықтар