«Мен тек шындықты айтқанымды мойындаймын»: Әділетхан Молдахан соттан кейін мәлімдеме жасады

17.06.2026 13:00 Мөлдір ҚАЙНАР
«Мен тек шындықты айтқанымды мойындаймын»: Әділетхан Молдахан соттан кейін мәлімдеме жасады
216
Фото: orda.kz

«Көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен сотталып жатқан заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл жолы сотта жәбірленуші ретінде Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев жауап берді. Оның айтуынша, Молдаханның әлеуметтік желідегі мәлімдемелерінен кейін қызметінен кетуге мәжбүр болған.

«Мен өз еркіммен кеттім. Бірақ сіздің мәлімдемелеріңіз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Басшылықпен сөйлескеннен кейін қызметтен кетуге тура келді. Осы оқиғадан соң денсаулығым сыр беріп, бір ай кардиологтың бақылауында болдым», – деді Шұмаев.

Сот барысында жәбірленуші тарап айыпталушыдан 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын өндіріп беруді сұрады.

Сондай-ақ қорғаушылардың медиация және процессуалдық келісім жасау туралы өтініштері қанағаттандырылмағаны белгілі болды. Судьяның айтуынша, прокуратура процессуалдық келісімге келуден бас тартқан, ал жәбірленуші тарап медиацияға келіспеген.

Отырыста Молдаханның әлеуметтік желіде жариялаған видеолары мен жазбалары да зерттелді. Айыпталушы олардың нақты бір адамды емес, қоғамда резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты мысал ретінде айтылғанын жеткізді.

Соттан шыққаннан кейін Әділетхан Молдахан журналистерге қысқаша пікір білдірді.

«Мен тек шындықты айтқанымды мойындаймын. Бүгінгі процесс көңілімнен шықты. Қазақ елі, қолдауларыңызға рақмет!» – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий