Mercedes мінген қыз аулаға басып кіріп екі адамды жаншып кетті

16.07.2026 18:32 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Mercedes мінген қыз аулаға басып кіріп екі адамды жаншып кетті
201
Фото: Бейнеден кадр

Алматы облысы Қарасай ауданындағы Көксай ауылында Mercedes-Benz көлігін тізгіндеген қыз туған күн өтіп жатқан үйдің ауласына кіріп кетіп, екі адамға зақым келтірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәбірленушілердің әпкесі Threads әлеуметтік желісінде оқиғаның мән-жайын айтып, жүргізуші куәлігі жоқ адамның рөлге отыруы үлкен қайғыға әкелгенін жазды. Оның сөзінше, біреудің көлік айдамақ болған әрекетінен қоршау бұзылып, бір сіңлісінің қабырғасы сынып, ал екіншісінің аяғын кесіп тастауға тура келген.

«Рөлде отырған қыз бастапқыда жалғыз болғанын айтты, бірақ куәгерлердің сөзінше көлік иесі артқы орындықта, ал қасында тағы бір адам отырған. Жедел жәрдем бір сағатқа жуық жүрді, ал полицияның қашан келгенін нақты білмеймін, дегенмен жол сақшылары түнгі төрттер шамасында келген сияқты. Аяғы кесілген сіңлімді күйеуімен бірге Қалқаман ауруханасына алып кетті, ал мені екінші сіңліммен Шамалғанға апарды, біз ауруханаға келгенде кінәлі қыз анасымен бірге сол жерде жүрді», – деп жазды жәбірленушінің туысы.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қарасай ауданында болған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Алдын ала мәлімет бойынша Наурызбай батыр көшесімен келе жатқан 24 жастағы қыз Mercedes-Benz көлігін басқара алмай қалып, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен екі адам да медициналық мекемеге жеткізіліп, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полициядан редакциямызға.

Еске сала кетейік, бұған дейін Арыс қаласында әйел үйдің ауласына кіріп кетіп, сонда отырған екі бала мен жүкті әйелді қағып өлтірген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий