Министр Айдарбек Сапаровтың үстінен арыз жазылды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың үстінен жалған ақпарат таратты деп арыз жазылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың үстінен Астана қаласының полиция департаментіне арыз түсті. 21 мың оқырманы бар белгілі журналист әрі сарапшы Кирилл Павлов министрді жалған ақпарат таратты деп айыптап отыр.
Әңгіме неден басталды?
Дауға Үкіметтің ресми Telegram-арнасында жарияланған Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты себеп болған. Онда «Мал шаруашылығында ет (сиыр еті, қой еті, жылқы еті), сүт өнімдері мен жұмыртқа бойынша 100% қамтамасыз етілуге қол жеткізілді» деп жазылған.
Осы Үкіметтің жазбасынан кейін журналист министр Сапаровты жалған ақпарат таратты деп айыптап, үстінен Астана қаласының полиция департаментіне арыз жазғанын хабарлады.
Сарапшы қандай деректерді алға тартады?
Кирилл Павлов министрліктің бұл ақпараты шындыққа жанаспайтынын, әсіресе сүт өнімдеріне қатысты бөлігімен келіспейтінін айттып, оны ресми статистикамен дәлелдеуге тырысты.
Кирилл Павловтың келтірген мәліметтеріне сәйкес, жағдай төмендегідей:
- Біріншіден, 2024 жылы Қазақстан шетелден 410,7 миллион долларға 183 мың тонна сүт және сүт өнімдерін сатып алған.
- Екіншіден, еліміздегі ірімшік пен сүзбе нарығының 48 пайызы, ал сары май мен сүт майларының 15 пайызы импорттан келеді.
Қазіргі уақытта министрлік тарапынан бұл жағдайға қатысты ешқандай ресми жауап берілген жоқ.
Соңғы жаңалықтар





