Министрлік атышулы каннибал Жұмағалиев жатқан клиниканы тексеретін болды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы маңындағы Ақтас ауылында орналасқан жіті бақыланатын психиатриялық аурухананы тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл шешім ел тарихындағы ең қатыгез каннибал саналатын Николай Жұмағалиевтің мекемедегі жағдайға шағымданған бейнесұхбатынан кейін қабылданып отыр.
Бұған дейін YouTube желісінде аталған клиникада мәжбүрлі түрде ем алып жатқан Николай Жұмағалиевтің бейнесұхбаты жарияланып, онда науқас мекемедегі жеке кеңістіктің жетіспеушілігіне, палаталарда ұзақ уақыт қамалып отыруға және серуендеу мүмкіндігінің шектеулі екеніне наразылық білдірген.
«Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханада пациенттердің ұсталуы жағдайларына қатысты шағымдар жарияланды. Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аталған мекеменің қызметіне кешенді тексеру жүргізуді бастайды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Тексеріс барысында арнайы мамандар аурухананың медициналық құжаттамасын, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің тұрмыс жағдайы мен азаматтар құқығының сақталуын жан-жақты зерделейді. Бұл іске прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де тартылып, заң бұзушылық анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар жауапқа тартылмақ.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Ақтастағы клиника қарапайым стационар емес, сот шешімімен мәжбүрлі емдеуге жіберілгендер жататын еліміздегі жалғыз мамандандырылған мекеме болып табылады. Ондағы пациенттердің 80 пайыздан астамы адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандықтан, ауруханада қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады.
Еске сала кетейік, «Темір азу» лақап атымен танылған Николай Жұмағалиев 1979 бен 1990 жылдар аралығында кем дегенде 10 әйелді айуандықпен өлтіріп, етін жегені үшін айыпталған. Ол алғаш рет 1980 жылы кезекті құрбанының денесін бөлшектеп жатқан жерінде кездейсоқ ұсталып, сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысымен шизофренияға шалдыққан есі ауысқан адам деп танылған. Соның негізінде оның түрме жазасы мәжбүрлі емдеуге ауыстырылғанымен, қылмыскер 1989 жылы арнайы емханадан қашып шығып, тағы бір жыл бойы жасырынып жүрген. Қандықол кісі өлтіруші тек 1991 жылдың қаңтарында Ферғана алқабында қайта қолға түсіп, содан бері Ақтас ауылындағы қатаң бақылаудағы психиатриялық ауруханада отыр.
Соңғы жаңалықтар