Сергей Ким 8,5 жылға сотталды

Сергей Ким 8,5 жылға сотталды
Фото: Jasalash.kz

Астанада «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Сергей Ким Qarmet компаниясының 1,8 млрд теңгеден астам мүлкін жымқырғаны және қылмыстық жолмен тапқан кірісін заңдастырғаны үшін 8 жыл 6 айға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, Ким 2016–2018 жылдары бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, өз бақылауындағы бірнеше компания арқылы Qarmet-тің мүлкін жымқыруды ұйымдастырған.

Келісімшарт бойынша «АлбаСтройДор» Qarmet-тен шлак өңдеу учаскесін жалға алып, түйіршіктелген домна шлагы мен қиыршық тасты ғана сатуға құқылы болған. Алайда кәсіпкер келісім талаптарын бұзып, Qarmet-ке тиесілі кесек домна қоспасын да өз компаниялары арқылы үшінші тұлғаларға сатқан.

2022 жылы Ким қылмыстық жолмен тапқан кірісін заңдастыру үшін өз бақылауындағы компания мен сенімді адамы арқылы тағы бір ЖШС-нің 100% үлесін сатып алған.

Сот кәсіпкерді Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы («аса ірі мөлшердегі ұрлық») және 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы («қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру») бойынша кінәлі деп таныды. Бірінші бап 5 жылдан 10 жылға дейін, екіншісі 2022 жылғы 2 наурыздағы редакциясына сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Прокурор Кимді 6 жыл 8 айға соттауды сұраған. Жәбірленуші тарап жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырса, кәсіпкер кінәсін мойындамай, қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, өзін ақтауды сұраған. Сот оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденгенін мәлімдеді.

Сот Кимнің асырауында кәмелетке толмаған балалары барын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Алайда келтірілген залалдың өтелмегенін және қылмыстардың ауырлығын ескерген сот кәсіпкерді 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, тамыздың соңында осы сот Qarmet-ке 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесіне үкім шығарған болатын.

Сергей Ким журналистік зерттеулерде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева мен Кәрім Мәсімовтің отбасына қатысы бар активтерді басқарушы әрі бизнес-серіктес ретінде аталады. Кәсіпкерді Қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылғы желтоқсанның соңында ұстаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу