«Музыка – харам, әншілер – шайтанның азаншысы» деген тойдағы ақсақал «уағызынан» кейін іске полиция араласты

05.08.2026 08:35 Әсел МҰРАТ
«Музыка – харам, әншілер – шайтанның азаншысы» деген тойдағы ақсақал «уағызынан» кейін іске полиция араласты
66
Фото: видеодан скрин

Полиция назарына Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазбасы ілікті, деп хабарлайды Politico.kz.

Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

«Қазақстан Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етеді. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді», - делінген полиция хабарламасында.

ІІМ сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға беріледі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оңтүстіктегі жиындардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтқан ер адамның видеосы тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Бейнежазбада ол ерлер мен әйелдердің бір дастарқан басында аралас отыруын теріс қылыққа балап, музыканы дінге қайшы деп бағалаған, ал бұл әрекетті көпшілікпен қатар Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де қатаң сынаған еді.

Осы даулы мәселеге нүкте қою мақсатында діни басқарма өкілдері арнайы мәлімдеме жасап, ислам дінінің өзгелерді ауыр сөзбен айыптамай, керісінше даналықпен насихат айтуға үндейтінін алға тартты.

Войдите, чтобы оставить комментарий