Мүфтият тойда ерсі уағыз айтқан ақсақалға қатысты мәлімдеме жасады

04.08.2026 15:29 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Мүфтият тойда ерсі уағыз айтқан ақсақалға қатысты мәлімдеме жасады
283
Иллюстрация/Фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Жетісайдағы тойда көпшілікке уағыз оқып, әйелдер мен өнер адамдарын ауыр сөзбен сынаған ер адамның әрекетіне қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оңтүстіктегі жиындардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтқан ер адамның видеосы тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Бейнежазбада ол ерлер мен әйелдердің бір дастарқан басында аралас отыруын теріс қылыққа балап, музыканы дінге қайшы деп бағалаған, ал бұл әрекетті көпшілікпен қатар Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де қатаң сынаған еді.

Осы даулы мәселеге нүкте қою мақсатында діни басқарма өкілдері арнайы мәлімдеме жасап, ислам дінінің өзгелерді ауыр сөзбен айыптамай, керісінше даналықпен насихат айтуға үндейтінін алға тартты. Мүфтият өкілдерінің сөзіне қарағанда, қандай да бір діни мәселеде өнер адамдарын жаппай қаралап, оларға ауыр сипаттама беру мүлдем дұрыс емес.

«"Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы" деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызуда. Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – деп жазды ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы.

Сонымен қатар басқарма өкілі адамды арсыздық пен шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дін құптамайтынын түсіндірді.

«Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз. Алла Тағала халқымыздың ауызбіршілігін арттырып, рухани тұтастығын бекем еткей», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий