"Наурызды жеңе алмайтынын біліп, пышақ сұққан": Сұлтан Сәрсемалиев ісі туралы тың дерек айтылды

18.05.2026 13:38 Мөлдір Қайнар
831
Фото: ашық дереккөз

Атырауда Жангелдин ауылында бір отбасының қазасына қатысты іс бойынша алдын ала сот отырысы өтіп жатыр. Сот барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқып, қанды оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу мәліметінше, айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев пен бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиев арасында балалар мәселесіне байланысты жанжал туындаған. Айыптау актісінде Сәрсемалиевтің балалары ата-анасының үйіне әкетіліп, сол жақта тұрғанына наразы болғаны айтылған.

Сонымен қатар ол Атырауда тұрған кезде балалар мен жұбайына толық қарай алмайтынын жеткізген. Осыдан кейін екеуінің арасы шиеленісе бастаған.

Прокурордың сөзінше, жанжал шешілмеген соң Наурыз Мұқанғалиев Атырауға келіп, бәрін бетпе-бет сөйлесіп шешпек болған. 2025 жылғы 14 мамырда ол қалаға келіп, Сәрсемалиевпен байланысқа шыққан.

Екеуі Бейбарыс даңғылы бойындағы теміржол вокзалы маңында кездесіп, қайтадан арадағы келіспеушіліктерді талқылаған. Алайда ортақ шешімге келе алмаған.

Сотта оқылған материалдарға сәйкес, Сәрсемалиев Наурызға өзінің ауылға біржола көшіп кетпегенін, отбасының заттары әлі жалдамалы пәтерде тұрғанын айтқан. Сондай-ақ жақын арада қайтадан Атырауға қоныс аударуды жоспарлап жүргенін жеткізген. Мұны дәлелдеу үшін ол Наурыз Мұқанғалиевке бірге барып, пәтерді көруді ұсынған. Мұқанғалиев келіскен соң, екеуі бірге үйге барған.

Үйге кіргеннен кейін ер адамдар қонақ бөлмеде әңгімені жалғастырған. Бірақ дау тағы да өршіп, сөз таласы төбелеске ұласқан.

Айыптау актісінде айтылғандай, төбелес кезінде Сәрсемалиев өзін физикалық тұрғыдан әлсіз сезініп, қарсыласына төтеп бере алмайтынын түсінген соң қасақана кісі өлтіруге бел буған. Осыдан кейін ол асүйге барып, қолына пышақ алған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жанжал кезінде Наурыз Мұқанғалиевтің іш тұсына бірнеше рет пышақ сұққан.

Алған ауыр жарақаттарынан Наурыз Мұқанғалиев оқиға орнында көз жұмған.

Прокурордың мәліметінше, бұдан кейін Сәрсемалиев қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған. Тергеу материалдарында марқұмның денесі жеке үйдің ауласына жасырылғаны және дәлелдерді жою шаралары жүргізілгені айтылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий