Назар Шерхан: «Әйеліммен күнде ажырасқым келеді»
«Келінжан» сериалындағы Мәдібек рөлімен көпшілікке танылған актер Назар Шерхан Kezdesu show-ға берген сұхбатында отбасы, неке және ажырасу тақырыбында ашық ойымен бөлісті. Оның «күнде ажырасқым келеді» деген пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz
Актердің айтуынша, қоғамда махаббат пен бақытты отбасы бейнесі тым мінсіз көрсетіледі. Ал шын мәнінде, кез келген жанұяда келіспеушілік, ішкі күрес болатынын жасырмау керек дейді.
«Маска тақпайтын адам болмайды ғой. Үйде әйелімен ұрсысып қалса, сыртта бақытты болып көрінеді. Іштегіні сыртқа шығара бермейсің. Кейде кейбір достарға айтсаң, олар татуластырып жібереді», — дейді актер.
Назар Шерхан ажырасу туралы ойдың жиі келетінін, бірақ оны ең оңай жол деп есептейтінін де жасырмады.
«Мен, мысалы, күнде ажырасқым келеді. Бұл өте ауыр нәрсе. Бірақ мен білемін: әйелім — балаларымның анасы. Біз бірге көп қиындықтан өттік. Ол мені талай сәтте қолдады. Қалай ажырасам? Бұл — ең оңай жол. Бұлай болмайды», — дейді ол.
Сондай-ақ актер отбасыны сақтап қалу ер-азаматтың мықтылығына байланысты екенін атап өтті.
«Бәлкім, ажырасу туралы ойды шайтан салар. “Бұндай әйелді қайтесің?” деп сыбырлар. Егер соны тыңдай берсек, еркектер жеңіледі. Қазір бізге мықтырақ болып, отбасын сақтап қалу керек. Тіпті сол үшін өліп кету керек болса да», — деді ол.
Алайда бұл сөздер желі қолданушыларының бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Оқырмандар пікірі екіге жарылды. Бірі актердің шынайылығын бағаласа, енді бірі оның ойын жеткізу тәсілін сынға алды.
Желіде мынадай пікірлер жазылды:
«Шынайы айтып отыр ғой, қалай бар солай», «Не айтып кеттің, Мадош? Күнде ажырасқым келеді дегені несі?», «Ұстанымы дұрыс, бірақ сөзін дұрыс жеткізе алмады», «Бұл сұхбатты оқыған әйеліңіздің жүрегіне қаяу түсірдіңіз», «Отбасылық құндылық туралы айту үшін алдымен соны қорғау керек», «Халықтың алдында отбасыңды талқылау дұрыс емес».
Қалай болғанда да, Назар Шерханның Kezdesu show-дағы сұхбаты отбасылық құндылық, ер мен әйелдің жауапкершілігі туралы қоғамда ашық әңгіме қозғап, көпшілікті ойландырғаны анық
Соңғы жаңалықтар