Назарбаевтың қыздары ең бай адамдар тізімінде қай орында тұр?
Forbes Kazakhstan жариялаған 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар рейтингінде Назарбаев әулетінің өкілдерінің орны өзгеріске ұшырады. Динара Құлыбаева дәулетін еселей түсіп, ең бай үш қазақстандықтың қатарына енсе, Дариға Назарбаеваның капиталы өткен жылмен салыстырғанда азайған, деп хабарлайды Politico.kz.
Биыл елдегі ең ауқатты 75 кәсіпкердің жалпы байлығы $60,84 млрд-қа жетті. Рейтингте жаңа миллиардерлер мен жас кәсіпкерлердің саны артқанымен, бұрынғы саяси элитаға жақын ықпалды әулеттер өз позициясын сақтап қалды.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Forbes Kazakhstan-ның 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар тізімінде 20-орыннан көрінді. Оның дәулеті $550 млн көлемінде бағаланған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген.
Дариға Назарбаева ұлы Нұралы Әлиевпен бірге «Европа плюс Қазақстан» радиосы мен НТК телеарнасының иесі саналады. Сонымен қатар DLS Group холдингі арқылы «Регион-Медиа», «Наружная Реклама-Регионы» және «Телефабрика «Дала» компанияларындағы үлесін сақтап отыр.
Ал Динара Құлыбаева биылғы рейтингте үшінші орынға көтерілді. Forbes журналы оның байлығын $5,4 млрд деп бағалады. Өткен жылы ол төртінші орында болған.
Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге «Алмэкс» холдингі арқылы Halyk Bank акцияларының 61,99%-ына иелік етеді. Осылайша Құлыбаевтар отбасы Қазақстанның қаржы нарығындағы ең ықпалды әулеттердің бірі ретіндегі мәртебесін сақтап қалды.
Соңғы жаңалықтар