Назгүл Қарабалина Азамат Сатыбалдымен некесі және жалғыз баласы туралы шындықты айтты
Танымал актер Азамат Сатыбалдының жары, актриса Назгүл Қарабалина отбасылық өмірі мен неліктен бір ғана бала туғаны туралы бар шындықты жайып салды. Желі қолданушылары мен көпшілікті мазалаған бұл сұраққа өнер иесі журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында ашық жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол қоғамдағы орынсыз сұрақтар мен "неге балаң біреу ғана?" деген қауесеттерге нүкте қойып, бұл тақырыптың тым нәзік екенін жеткізді. Актрисаның айтуынша, адамның ішкі жағдайын білмей жатып үкім шығару – дұрыс емес.
Назгүл Қарабалина бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
«"Неге басқа балалары жоқ, бір баласы ғана ма" деген надан сұрақ деп ойлаймын. Білімсіздік пе, надандық па білмеймін. Адамда түрлі жағдай болады. Бас-аяғын білмей жатып "мынау тумай ма" деген сөздің өзі күнә деп есептеймін. Кім баласының көп болғанын қаламайды?! Құдайға шүкір баламыз бар, өсіп жатыр», — деді актриса.
Сонымен қатар, Назгүл Қарабалина көпшіліктің арасында жиі талқыланатын "күйеуінің екінші әйел алуы" немесе "басқа отбасын құруы" мүмкін деген қауіптерге қатысты да ойын жасырмады. Ол өмірлік жары Азамат Сатыбалдыға толықтай сенетінін және оның отбасына, ата-анасына, жалғыз ұлы Сұлтанға деген махаббатының шексіз екенін жақсы білетінін айтты. Оның сөзінше, арадағы берік сенім мен сыйластық бар жерде мұндай қорқыныштарға орын жоқ.
Актриса жолдасының адалдығы мен отбасылық құндылықтарға беріктігі туралы ағынан жарылды.
«Азамат басқа жаққа барады екен, басқа біреуге үйленіп кетеді екен деген қорқыныш ешқашан болған емес. Мен Азаматты жақсы білемін. Азаматтың артық қылтың-сылтың сөзі, іс-әрекеті жоқ. Эфирдегі адам болғаннан кейін еркін көрінетін шығар, бірақ мен оның жанұясына деген махаббатын білемін. Ата-анасына деген, Сұлтан екеумізге деген махаббатын, сезімін, көзқарасын жақсы білемін. Сондықтан да кетіп қалар ма екен деген артық ой мені мазалаған емес», — деді актриса.
Соңғы жаңалықтар