"Не Найман, не Жалайыр емессің". Мақсат Халық өңірлердегі трайбализм туралы айтты

15.09.2026 20:49 Томирис САҒЫНДЫҚ
15
Фото: видеодан скриншот

Танымал экономист Мақсат Халық бұрынғы Парламент депутаттарының кәсіби деңгейіне баға беріп, өзіне саяси партиялардан түскен ұсыныстар мен сайлау науқаны кезіндегі тәжірибесі туралы айтып берді. Сарапшы депутаттардың экономикалық сауаттылығы, сайлау алдындағы бәсекелестік және өңірлерде сақталған кейбір саяси-әлеуметтік кедергілерге қатысты өз пікірін білдірді. Сонымен қатар ол сайлау барысындағы әкімшілік ресурстардың ықпалы мен кандидаттарға қойылатын талаптарды тілге тиек етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Мақсат Халық бұл туралы Ara media арнасына берген сұқбатында әңгімеледі. 

Сарапшы заң шығарушы органдағы мамандардың дайындығын сөз етіп, өзіне түрлі саяси күштерден түскен шақыртуларға тоқталды. Сондай-ақ ол Парламент қабырғасында сапалы экономикалық талдаулардың азайып кеткеніне қынжылыс білдірді. Бұдан бөлек саясаттанушы саяси партиялардың сайлау алдындағы ұсыныстары мен оларға берген өз бағасын жеткізді.

«Бұған дейінгі Парламентті қарайтын болсақ, бізде депутаттардың бойында экономикалық білімнің аздау болғаны байқалады. Экономикаға қатысты сұрақтар қойылған кезде депутаттардың уәждері әлсіздеу болып жататын. Баяғыда «Аманат» партиясы шақырған болатын. Бірақ алдыңғы сайлауда олардың өңірлердегі әрекеттерін, әділсіздіктерге барғанын көріп, өзіме қарсылас етіп алдым. Ал «Әділет» партиясы аяқ астынан тез құрылды, олардан шақырту болған жоқ. Дегенмен, уақытында «Ақ жол», «Республика», «Экопартия» және «Ауыл» партиялары тарапынан ұсыныстар айтылған еді», — деді Мақсат Халық.

Сонымен бірге Мақсат Халық өзінің сайлауға дайындық деңгейі мен бір мандатты округтегі басты қарсыласының қызметіне баға берді. Ол сайлау науқаны кезінде болған ұйымдастырушылық олқылықтар мен үміткерлердің белсенділігі туралы сөз қозғады. 

«Алдыңғы сайлауға дайындықсыз барғанымды мойындаймын, бұл — өзімнің қателігім. Мен шешім қабылдап үлгергенше, билбордтарда бос орын да қалмаған еді. Себебі Президент Парламентті таратқаннан кейін, «Қаңтар оқиғасынан соң Әділетті Қазақстан құрылады» деген үлкен үміт пен қарқын пайда болды. Осы себепті де өзін-өзі ұсынған кандидаттардың қатары көп болды деп ойлаймын. Өзім қатысқан Жетісу облысында Қожаспаев деген азамат кандидат болды. Ол — сол өңірдің тумасы, кәсіпкер, мамандығы бойынша заңгер. Алғаш ант берген кезде де сасқалақтап қалған еді. Содан ба, кейін де көзге көрінбейтін депутаттардың қатарында болды», — деді Мақсат Халық.

Экономист сайлау барысында болған әкімшілік ресурстардың ықпалы мен өңірлердегі жершілдік пен рушылдық сияқты мәселелерді тілге тиек етті. 

«Сайлау кезінде бүкіл постерлер мен жергілікті мықты компаниялардың қолдауы соған бағытталды. Тіпті жергілікті билік те белгілі бір дәрежеде сол адам үшін жұмыс істегенін көре алдық. Әрине, ол күшті дауыс жинады немесе мен ол жерде фаворит болдым деп айта алмаймын. Өйткені өзім Алматы облысының тумасы болсам да, екі облыс бөлінгенде «бәрібір бір өңір ғой» деп Жетісуға кете салған едім. Алайда, өңірлерде әлі де болса руға бөлінушілік сияқты кертартпа әдеттер сақталған екен. Маған ашықтан-ашық: «Сен не Найман, не Жалайыр емессің, бұл жақта не істеп жүрсің?» — деп айтқандар да болды. Осындай жағдайлар да кездесті», — деді Мақсат Халық.

Войдите, чтобы оставить комментарий