"Неге олай жасадың?": ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан студенттің анасы жүрекжарды жазба жариялады

"Неге олай жасадың?": ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан студенттің анасы жүрекжарды жазба жариялады
Фото: Tiktok/ Балжан Нұрғалиқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында көз жұмған 1-курс студенті Жанельдің анасы әлеуметтік желіде марқұм қызына арнап қаралы жазба қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

TikTok желісінде Балжан Нұрғалиқызы есімді қолданушы марқұмның суреттері мен видеоларын жариялап, орны толмас қайғысын жеткізді:

«Қабырғамызды қайыстырып кеттің ғой, жаным-ау. Көрер жарығың әлі алда еді ғой. Армандарың көп еді. Балапаным-ау, неге олай жасадың? Әлі де сене алар емеспін, түсім секілді. Қимаймын, сенгім келмейді. Өмірге деген құлшынысың өте керемет еді ғой. Сенің тойыңда қуанып жүрсек болмас па еді...» — деп жазды ол.

Сонымен қатар анасы қызының журналист болуды қатты армандап, Алматыға үлкен үмітпен оқуға аттанғанын еске алды:

«Арман-мақсаты өте көп еді. «Қалай да Алматыға оқуға түсемін, Шымкентте оқығым келмейді. Алматыға барамын, сол жақта оқысам бәрі керемет болады, журналист мамандығын алып шығамын. Анашым, сені телевизорға шығарамын, көресіз, мен әлі керемет журналист боламын» деп құлшынып тұрған қызымыз бір сәтте өзіне қол жұмсайтындай не болып қалды екен?! Жап-жас едің ғой, өмірің әлі алда еді, алар асуларың көп еді. Сұм ажал неге сені алып кетті, қимаймын, сенгім келмейді», — деп ағынан жарылды марқұмның жақыны.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу