Астанада екі оқушы қыздың өліміне қатысты жаңа деректер шықты

Астанада екі оқушы қыздың өліміне қатысты жаңа деректер шықты
Фото: vsluh.ru

Астанада көпқабатты үйдің биігінен құлап қаза тапқан екі жасөспірім қызға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бейнебақылау камералары қайғылы оқиғаға дейін олардың тұрғын үйдің кіреберісіне кіріп, 13-қабатқа көтерілгенін түсіріп алған, деп хабарлайды Politico.kz Azattyq ryhy-на сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 9 қараша күні кешке елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде орын алған. Үй тұрғындарының айтуынша, қаза тапқан қыздардың жасы шамамен 13-те. Олардың бірі осы үйде әжесімен бірге тұрған, ал ата-анасы шетелде болуы мүмкін деген болжам бар.

Мүлік иелерінің бірлестігінің (МИБ) төрайымы Ләйла Кенжебаева бейнебақылау камераларын қарап шығып, қыздардың кіреберіске кіргенде көңілсіз болғанын айтты:

«Лифтідегі камералардан екі қыздың 13-қабатқа көтерілгенін көрдік. Содан кейін олар ортақ балконға кірген. Олардың бірінің қолында қағазға жазылған жазба болды», — деді ол.

Мектеп оқушылары ортақ балконда шамамен бір жарым сағаттай болып, сағат 18:40 шамасында қайғылы жағдай орын алған.

МИБ төрайымы оқушылардың психологиялық қысымға немесе мектепте буллингке тап болуы мүмкін екенін болжап отыр:

«Менің ойымша, бұл жайдан-жай болған жоқ. Қыздарды осындай шарасыз қадамға баруға итермелеген қандай да бір жағдайлар болған шығар. Полиция мен барлық құзырлы орган мән-жайды анықтап, себебін анықтауы керек. Мүмкін, мектепте қандай да бір қиындықтар болған шығар, біреу ренжіткен болуы мүмкін», — деп атап өтті Кенжебаева.

Астана қалалық Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу