Қазақстанда ғылымға бөлінген 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталды
Қазақстанда ғылым саласына бөлінген қаражаттың 51 млрд теңгесіне қатысты қаржылық заңбұзушылық анықталды. Тағы 47 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жоспарланып, жұмсалған. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру нәтижесінде миллиардтаған теңге бөлінген ғылыми жобалардың бір бөлігі күткен нәтижеге жетпегені белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Аудит қорытындысы бойынша 36 заңбұзушылық дерегі әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды.
Тексеру ғылымға бөлінетін қаржы жыл сайын көбейгенімен, оның қайтарымы әлі де төмен екенін көрсетті. Мәселен, 2022–2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Осы кезеңде Ұлттық ғылым академиясы құрылып, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жабдықтарын жаңарту және жас ғалымдарды қолдау жұмыстары қолға алынған.
Алайда ғылымға жұмсалатын шығынның жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,16% болып отыр. Ал белгіленген мақсат – 1%.
Оның үстіне салаға бөлінетін қаражаттың басым бөлігі мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қаржыландыру үлесі 55%-дан 82%-ға дейін артқан. Аудиторлардың пікірінше, бұл бизнестің ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға белсенді қатыспай отырғанын көрсетеді.
Тексеру ғылымды басқару жүйесінен де кемшіліктер тапқан. 2021–2025 жылдары саланы дамыту үшін төрт бағдарламалық құжат қабылданғанымен, оның үшеуі мерзімінен бұрын күшін жойған.
Сонымен қатар кейбір жоспарлы көрсеткіштер төмендетілген. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығынның ЖІӨ-дегі үлесіне қатысты мақсат 2%-дан 0,5%-ға, зерттеушілер санының өсу көрсеткіші 50%-дан 7%-ға, ал жеке тұлғалардың бірлесіп қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға қысқартылған.
Ғылыми жобаларды жоспарлау мен іріктеу кезінде де олқылықтар анықталды. 2025–2027 жылдарға арналған жеті басымдық пен 153 ғылыми бағыт бекітілген. Аудиторлардың бағалауынша, бағыттардың тым көп болуы кез келген зерттеуді басым жоба ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса, ғылыми тапсырмаларда нақты нәтиже, оны бағалау тәртібі мен өндіріске енгізу жолдары жиі көрсетілмеген. Көптеген тапсырма белгілі бір саланың нақты сұранысына негізделмеген.
Соның салдарынан 2023–2025 жылдары бекітілген 393 ғылыми тапсырманың 149-ы орындалмаған. Бұл тапсырмаларға 67 млрд теңге қарастырылған.
Ғылыми жобаларды іріктеу де уақытында жүргізілмеген. Мысалы, 2025 жылғы конкурстарды жариялау 208 күнге дейін кешіккен. Сараптама материалдары ұлттық ғылыми кеңестерге 93 күнге дейін кешіктіріліп жіберілген.
Тағы бір мәселе – сарапшылардың ұсыныстары ескерілмеген. Экономикалық сараптама қорытындысы бойынша 545 жобаның қаржысын шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту ұсынылған. Алайда бұл ұсыныстар назарға алынбаған.
Аудиторлар ғылыми жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін де анықтады. Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу тобына кірген. Ал 27 мүшесі жобаларға ғылыми жетекшілік еткен.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бөлінген қаржының нақты нәтижесіне ерекше назар аударды.
«16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген», – деді Әлихан Смайылов.
Аудит тағы бір мәселені анықтады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 79 жобаға шығындары егжей-тегжейлі нақтыланбай, 62 млрд теңге бөлінген.
Оның үстіне ғылыми жобаға берілген ақшаның 96–98%-ы қорытынды бағалау жүргізілгенге дейін төленеді. Сондықтан жоба нәтижесі қабылданбаған жағдайда да қаражаттың басым бөлігі орындаушыда қалады.
Смайыловтың айтуынша, қазір ғылыми жұмыстардың нәтижесі көбіне жарияланған мақалалар, патенттер мен өндіріске енгізу туралы құжаттар арқылы бағаланады. Бірақ бұл құжаттар зерттеудің нақты экономикалық немесе өндірістік пайда әкелгенін білдірмейді.
Мәселен, аудиторлар іріктеп тексерген 60 патенттің ешқайсысын пайдалану жөнінде келісім жасалмаған.
Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізіп, одан табыс табу мәселесі де сын көтермейді. Ғылым қорының дерегінде ғылыми жобаларды коммерцияландыру көрсеткіші 44% деп берілген. Алайда аудиторлар бірыңғай есептеу әдісін қолданғанда бұл көрсеткіш небәрі 16% болғанын анықтаған.
«Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген», – деді Әлихан Смайылов.
Аудиторлар жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына 1% қаражат аудару тәртібіне де назар аударды. Тексеру бұл ақшаның бір бөлігі ғылымды дамытуға емес, депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына бағытталғанын көрсетті. Бұған міндеттемелердің орындалуын бақылаудың әлсіздігі себеп болған.
Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы қаржы қозғалысын толық бақылау үшін барлық басқару процесін цифрландырып, ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап олардың нақты нәтижесіне дейін қадағалайтын бірыңғай есеп жүйесін енгізуді ұсынды.
«Аталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелді. Бұл жұмыстардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады», – деді Әлихан Смайылов.
Еске салайық, 2026 жылы адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде Конституциялық деңгейде бекітілген.
Соңғы жаңалықтар