«Қазақмыс» өндірісті жасанды интеллект арқылы бақылай бастады

«Қазақмыс» өндірісті жасанды интеллект арқылы бақылай бастады
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

«Қазақмыс» корпорациясы кен өндіру, байыту және тасымалдау жұмыстарын цифрлық жүйе арқылы бақылауды кеңейтіп жатыр. Компания жасанды интеллект пен жаңа технологияларды өндірістегі ақауларды ерте анықтау, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кен орындарын тиімді игеру үшін қолдануда, деп хабарлайды Politico.kz.

Корпорацияның хабарлауынша, 2026 жылдың қазан айында Жезқазғанда Бірыңғай диспетчерлік орталық ашылған. Мұнда тау-кен өндірісі, кен байыту фабрикалары, теміржол тасымалы және өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты ақпарат бір жерге жинақталады.

Орталық мамандары өндіріс көрсеткіштерін, жұмысшылар мен техниканың қайда жүргенін, бейнебақылау камераларындағы жағдайды қадағалай алады. Жүйеде бейнежазбаларды интеллектуалды талдау технологиясы да қолданылады. Бұл жоспарланған жұмыс пен нақты нәтижені салыстыруға, жабдықтардың не себепті тоқтағанын анықтауға және қауіпті жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Компания шахталардағы қауіпсіздікті бақылауды да күшейтіп жатыр. Мәселен, «Жомарт» кенішінде ауа құрамындағы газ мөлшері тұрақты тексеріледі. Арнайы құрылғылар жинаған мәліметтер диспетчерлік орталыққа жіберіледі.

Кеніште 130 тасымалды газ талдағыш пайдаланылады. Ал жер астында жүретін 62 техникаға метан мөлшерін бақылайтын құрылғылар орнатылған.

Бұдан бөлек, корпорация үш өңірдегі 59 өндірістік нысанда адамдардың кіріп-шығуын бақылайтын бірыңғай жүйені енгізіп жатыр. Өндіріс орындарындағы сымсыз байланыс желісі де кеңейтілуде.

Геологиялық барлау жұмыстарына да жаңа технологиялар тартылған. «Қазақмыстың» мәліметінше, 2026 жылы бұл бағытта жалпы құны $18,2 млн болатын 20 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Компания геологиялық мәліметтерді сақтап, өңдеуге арналған бірыңғай цифрлық жүйе құрған. Сондай-ақ 50 техниканың жұмысын қадағалайтын жүйе енгізілген.

Жезқазғандағы геологиялық кластерде тау жыныстарының үлгілерін зерттеу, ақпаратты өңдеу және кен орындарының цифрлық үлгілерін жасау үшін ANCORELOG және LithoLens кешендері пайдаланылады. Ал байланыс жетуі қиын шалғай аумақтарда Starlink спутниктік интернеті қолданылып жатыр.

Жезқазған мен Балқаштағы кен байыту фабрикаларында да жабдықтарды бақылау жүйесі жаңартылуда. Бұл технологиялар кен ұсақтайтын қондырғылардың жағдайын тексеруге, ақауларды уақытында анықтауға және жөндеу жұмыстарын алдын ала жоспарлауға арналған.

Корпорация тау-кен жұмыстарын жоспарлауда үш өлшемді цифрлық модельдерді пайдалануға да қаржы бөліп отыр.

2026 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында цифрлық технологияларды енгізуге 3,3 млрд теңге бағытталған. Тағы 800 млн теңгеден астам қаржы геотехникалық зерттеулер мен үш өлшемді геомеханикалық модель жасауға қарастырылған.

Қазір кәсіпорындарда кен орындарының блоктық және қаңқалық модельдері қолданылады. Алдағы уақытта жер астындағы тау жыныстарының құрылымы мен олардың өзгерісін дәлірек бағалайтын үш өлшемді модельдерді дамыту жоспарланған.

Сонымен қатар «Қазақмыс» өндірістік тапсырмаларды біртіндеп электронды жүйеге көшіруді көздеп отыр. Жұмысшыларға берілетін тапсырмалар, жұмыс орындарының дайындығы мен тау-кен техникасының атқарған жұмысы цифрлық түрде тіркелмек.

Тапсырмалардың орындалу барысы кеніштің цифрлық картасында көрсетіледі. Осылайша мамандар өндірістегі жұмыстың қай кезеңде тұрғанын бақылай алады.

Корпорацияның мәліметінше, цифрландыру геологиялық барлаудан бастап кен өндіру, байыту және тасымалдауға дейінгі барлық негізгі кезеңді қамтиды. Компания жаңа технологиялар арқылы жабдықтардың сенімділігін арттырып, өндірістегі қауіп-қатерді азайтуды, ресурстарды тиімді пайдалануды және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу