Нобель комитетінің төрағасы қазақ жазушыларына кеңес берді
Әдебиет саласындағы Нобель комитетінің төрағасы, Швед академиясының мүшесі Андерс Ульссон қазақ әдебиетінің әлемге танылуы үшін не қажет екенін айтты. Ол The Times of Central Asia басылымына берген сұхбатында аударманың маңызына тоқталып, қазақ қаламгерлеріне кеңес берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ульссонның айтуынша, Нобель комитеті көркемдік деңгейі жоғары, бүкіл адамзатқа ортақ ой айта алатын шығармаларды іздейді. Алайда тіл білетін мамандардың тапшылығы әлемге кеңінен таныла қоймаған әдебиеттерді бағалауды қиындатады. Сондықтан комитет жыл сайын өзі жете білмейтін әдебиеттер бойынша 5–10 сарапшы тартып, үміткерлер аясын кеңейтеді.
«Аударма – Нобель сыйлығына қойылатын қажетті шарттардың бірі. Шығарма өзге халықтарға да оқуға қолжетімді болуы керек», – деді Ульссон.
Сұхбат барысында Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасы да сөз болды. Комитет төрағасы жыл сайын әлем бойынша 4–5 мың адамды сыйлыққа үміткер ұсынуға шақыратынын айтты.
Ал әлемге танылғысы келетін қазақ жазушыларына өз мәдениетінен қол үзбеуге кеңес берді.
«Ұлы өнер ешқандай ережеге бағынбайды. Әлем әдебиетінде болып жатқан өзгерістерге ашық болып, өз мәдениетіңе берік болған маңызды. Шығармаңыз мықты болса, ол жалпыадамзаттық құндылыққа ие болады», – деді Ульссон.
Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасына да тоқталды. Жастардың кітапты аз оқуы Батыс елдерінде де өзекті мәселе екенін, Швед академиясы да осыған көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
Ульссон әдебиеттің соғыс пен саяси қайшылықтар жайлаған әлемді өзгерту мүмкіндігін асыра бағаламау керегін, алайда оның халықтардың бір-бірін түсінуіне септігі тиетінін айтты.
Сұхбат қазан айында басылым тілшісі Дүйсенәлі Әлімақынның Стокгольмдегі Швед академиясына сапары кезінде алынған. Журналист Нобель кітапханасына қазақ қаламгерлерінің 15 кітабын табыстаған.
Соңғы жаңалықтар