Нұрлан Сабуровтың үстінен Бас прокуратураға арыз түсті
Алматы қаласының белсендісі Марат Тұрымбетов атышулы әзілкеш Нұрлан Сабуровтың үстінен бас прокуратураға арыз түсірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Белсенді бұл туралы Facebook парақшасында жазды. Белсендінің айтуынша, стендап-комиктің өткен жылы «Вагнер» тобының жауынгерлеріне 10 мотоцикл мен 2 миллион рубль көлемінде көмек көрсеткені жөніндегі ақпарат тараған. Осыған байланысты Марат Тұрымбетов Украинадағы соғысты қаржыландыру дерегінің бар-жоғын тексеруді сұрап отыр.
«Мәселенің анық-қанығын құзырлы органдар анықтайды деп сенемін. Егер бұл ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап беруге дайынмын. Бас прокуратураның ресми жауабын күтеміз», – деп жазды ол.
Белсенді Нұрлан Сабуровтың әрекеті Қылмыстық кодекстің 170-бабына, яғни «Жалдамалылық» бабына сәйкес бағалануы мүмкін деп есептейді. Себебі оның пікірінше, «Вагнер легионы Искра» жеке әскери компания «Вагнердің» құрамына кіреді, ал бұл ұйымның мүшелері жалдамалы тұлғалар болып саналады.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік ақпарат құралдары «Вагнер легионы Искра» таратылған «Вагнер» жеке әскери компаниясынан бөлініп шыққан құрылымдардың бірі екенін және қазіргі уақытта Ресей Қарулы күштерінің құрамында екенін хабарлаған.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тарағаны хабарланған еді.
Бірнеше күннен кейін ғана Нұрлан Сабыровтың өзі алғаш рет мәлімдеме жасады.
Соңғы жаңалықтар