Облыс әкімінің миллиондар тұратын сағаты мен күртесі желіде қызу талқыға түсті
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қайтадан қызу талқылана бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған Threads платформасында тараған скриншоттар себеп болды. Қолданушылар әкімнің үстіндегі күртені италиялық Stefano Ricci брендіне ұқсатып, оның бағасы ондаған мың доллар болуы мүмкін деген пікірлер жаза бастады. Бұл ақпарат ешбір ресми дереккөзбен расталмағанымен, талқылау кең тарап, әкімнің сыртқы келбеті тағы да қоғам назарын аудартты.
(3).jpg)
Біздің редакция жария фотосуреттерді талдау барысында әкімнің қолында Garmin MARQ Captain Gen 2 моделіне ұқсас смарт-сағат барын байқады. Халықаралық интернет-дүкендерде мұндай құрылғылар шамамен 1,5 миллион теңгеге сатылады. Бұл деталь бұрынғы талқылауларды қайта еске түсірді.

Нәлібаевтың аксессуарлары қоғам назарын бұған дейін де аударған. 2022 жылы ақпарат құралдарында оның қолынан шамамен 20 мың доллар тұратын Rolex Datejust 41 сағатына ұқсас модель байқалғаны жазылған. Мәжіліс кулуарында журналистер әкімнен осы сағат туралы сұрағанда, оның жауап бермей кеткені туралы бейне тарады.
Сол жылы қоғамда тағы бір резонанс тудырған оқиға – әкімнің жалғыз ұлы Назарбектің үйлену тойы болды. Бірқатар жарияланымдарда салтанатты шара Алматыдағы The Ritz-Carlton мейрамханасында өткені және оның шығыны 250 млн теңгеден асуы мүмкін деген бағалар айтылды. Кейін тойға қатысқан мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев бұл ақпаратты жоққа шығарып, шара тек туыстар мен жақын адамдар арасында өткенін мәлімдеді. Қызылорда облысы әкімдігі тойға қатысты сұрақтарға жауап бермей, оны жеке деректер санатына жатқызған.
Туыстардың қызметі мен бизнесі
Ашық бизнес-реестрлерде Нәлібаевтың бірнеше туысының мемлекеттік қызметте және кәсіпкерлік салада жүргені көрсетіледі.
64 жастағы Әлібек Нәлібаев 2021 жылдан бері салық төлемдері тіркелмеген «ЖаңақорғанГаз» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы ретінде көрсетілген. Компания жанар-жағармай бөлшек саудасымен айналысқан болуы мүмкін. Сонымен қатар ол ірі қара өсіруге маманданған «Жаңақорған Өрлеу1» ауыл шаруашылығы кооперативінің тең иесі саналады. Бұл кооператив бойынша да төленген салықтар туралы дерек табылмады.
61 жастағы Батырбек Нәлібаев «Жаңақорған Ақ Шуақ» ЖШС-нің жалғыз иесі. Кәсіпорын Қызылорда облысындағы емдік балшықпен танымал шипажай ретінде белгілі. 2016 жылдан бері компания шамамен 39,9 млн теңге салық төлеген. Сонымен қатар ол жеке кәсіпкер ретінде де қайта тіркелген.
59 жастағы Пазылбек Нәлібаев Жаңақорған аудандық қазақ күресі федерациясының құрылтайшыларының бірі және 2022 жылдың тамызынан бастап Арал-Сырдария бассейндік балық шаруашылығы инспекциясын басқарады. Бұған дейін ішкі істер органдары жүйесінде қызмет еткені айтылған.
Қазіргі таңда отбасы мүшелерінің ішіндегі жоғары лауазымдардың бірін Азимбек Пазылбекұлы атқарады – ол Түркістан қаласының әкімі. Бұған дейін құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында түрлі қызметтерде жұмыс істеген. Тағайындау кезінде облыс басшылығы оның қызметке туыстыққа емес, тәжірибесіне байланысты келгенін мәлімдеген.
Сондай-ақ Бақытжан Нәлібаев «Жаңақорған-Құрылыс-2010» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы ретінде тіркелген. Компания кәріз жүйелерін пайдалану қызметімен айналысады. Соңғы жылдары белсенділігі төмен болғанымен, 2024 жылы жалпы сомасы 426 мың теңгені құрайтын екі мемлекеттік келісімшарт жасағаны көрсетіледі.
Соңғы жаңалықтар