Олигархтардан тартып алынған пәтерлер сатылымға қойылды

09.09.2026 16:20 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Олигархтардан тартып алынған пәтерлер сатылымға қойылды
121
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Астанада заңсыз активтер ретінде мемлекетке қайтарылған үш бірдей элиталық пәтер бәссаудаға шығарылды. Жылжымайтын мүліктерге қатысты мәліметтер sauda.e-qazyna.kz порталында жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Нысандарды Қайтарылған активтерді басқару компаниясы конкурс тәсілімен сатуға қойды. Бұл баспаналар кезінде заңсыз жолмен табылған қаржыға алынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілген.

Үш нысан бойынша да ашық сауда 22 қыркүйек күні сағат 10:00-де басталады. Қатысушылар веб-порталда баға ұсыныстарын арттыру арқылы өзара бәсекеге түсе алады. Ықылас білдірген сатып алушыларға сауда басталғанға дейін нысандарды барып көру мүмкіндігі беріледі.

Тізімдегі ең қымбат лот – Алматы ауданы, Шарль де Голль көшесі, 5 мекенжайындағы «Парижский квартал» кешенінде орналасқан екі деңгейлі пәтер. 2012 жылы салынған бұл үйдің жалпы ауданы 309,5 шаршы метрді құрайды. Оның бастапқы құны 363 244 554 теңге болып белгіленді.

Баспана ашық әрі байсалды түстермен әрленіп, қабырғаларына декоративті суреттер салынған. Бөлмелерге лепнинамен көмкерілген камин қойылып, жуынатын бөлмеге алтын жалатылған шүмектер орнатылған. Пәтерде жас бала тұрғаны байқалады. Мұны қабырғадағы әуе шарының бейнесі мен қонжық кейпіндегі шкафтан көруге болады.

Келесі пәтер Нұра ауданы, «Комсомольский» тұрғын алабындағы Қарашаш ана көшесі, 23/1 мекенжайында тұр. Ол 2010 жылы бой көтерген Green Village тұрғын үй кешенінде жайғасқан. Ауданы 231 шаршы метр болатын мүлік 214 016 394 теңгеге бағаланды.

Мұнда кіреберістен бастап бағаналар мен оюлы терезелер көрініс табады. Бөлменің өзге бөлігінде камин, панорамалық терезелер қойылып, қабырғалары түгел лепнинамен өрнектелген. Барлық жиһаз піл сүйегі түстес ою-өрнектермен безендірілген, ал жуынатын бөлмедегі қабырғаға «Винни-Пух» мультфильмінің көрінісі мозаикамен қаланған.

Ұсынылған мүліктің ең арзаны да «Парижский квартал» кешеніндегі 93 шаршы метрлік пәтер болды. Оның бастапқы құны – 112 926 585 теңге.

Бұл баспана алдыңғы екеуіне қарағанда әлдеқайда қарапайым әрі жинақы жабдықталған. Тұрғын үй кешенінің кіреберіс холлына былғары дивандар мен ірі айналар, ауқымды аспашамдар қойылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий