Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің құрметіне жаңа гүлзар ашылады

09.07.2026 11:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің құрметіне жаңа гүлзар ашылады
142
Коллаж Politico.kz

Ресейдің Омбы қаласында жазушы, майдангер әрі Қазақстан президентінің әкесі Кемел Тоқаевтың есімімен аталатын гүлзар пайда болады, деп хабарлайды Politico.kz.

Омбы қалалық кеңесінің қала құрылысы және жер пайдалану мәселелері жөніндегі комитеті жаңа аумақтарға атау беру туралы екі шешімді мақұлдады. Оның бірі саясаткер Владимир Жириновскийге, ал екіншісі соғыс ардагері Кемел Тоқаевқа тиесілі.

"Гагарин көшесі мен Больничный бұрышындағы соғыс ардагерлері госпиталінің маңындағы шағын гүлзар Кемел Тоқаевтың құрметіне аталады", – делінген қала әкімдігінің ресми мәлімдемесінде.

Бұл бастаманы Омбы облысының аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы көтерген. Тарихи деректерге сүйенсек, 1945 жылы автоматшылар бөлімшесінің командирі Кемел Тоқаев аяғынан ауыр жарақат алып, Омбыдағы эвакуациялық госпитальде емделген. Ол кезде дәрігерлер оның жаралы аяғын кесіп тастаудан аман алып қалған еді.

Фото: admomsk.gosuslugi.ru

Қазір бұл мекеме ардагерлер госпиталі ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ 2020 жылы аталған ғимарат қабырғасына Кемел Тоқаевқа арналған мемориалдық тақта орнатылған.

Гүлзарға атау беру туралы түпкілікті шешім Омбы қалалық кеңесінің жалпы отырысында қабылданады.

Айта кетейік, осыған дейін Омбы облысының губернаторы Ресей президентіне Кемел Тоқаевтың соғыс жылдарындағы тағдыры туралы баяндап берген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий