Өмір бойына сотталған Сәрсемалиев жалғыз камераға ауыстырылды ма: ол туралы тың дерек шықты

22.07.2026 12:27 Әсел МҰРАТ
Өмір бойына сотталған Сәрсемалиев жалғыз камераға ауыстырылды ма: ол туралы тың дерек шықты
239
Фото: Ақ Жайық

Жангелдин ауылындағы бүтін бір отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиев Атырау тергеу изоляторының жалпы камерасынан бір кісілік камерасына ауыстырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы «Ақ Жайық» редакциясына жағдаймен таныс бір-бірінен тәуелсіз бірнеше дереккөз мәлімдеді. 

Редакция дереккөздерінің айтуынша, бұл шешім қауіпсіздік шараларымен байланысты болуы мүмкін. Дереккөздер мекеме әкімшілігі сотталған азаматтың жағдайына байланысты қауіптеніп, оған деген бақылауды күшейтуді жөн көрді деп отыр. Алайда бұл мәліметті де ресми түрде растау немесе теріске шығару әлі мүмкін болмай тұр.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жекелеген жағдайларда қамауда отырғандарды немесе сотталғандарды күшейтілген бақылау үшін бөлек орналастыруы мүмкін. Бұл шара олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және өздігінен қосымша жаза болып табылмайды.

Еске сала кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев Жангелдин ауылындағы бүтін бір отбасы мүшелерін өлімге қиғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім етті. Бұл қылмыстық іс үлкен қоғамдық резонанс тудырды.

«Ақ Жайық» редакциясы Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне Сәрсемалиевтің бір кісілік камераға ауыстырылуы туралы ақпаратты растау немесе теріске шығару, сондай-ақ мұндай шешімнің себептерін түсіндіруді сұрап сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте редакцияға жауап түскен жоқ.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий