"Өнербаевқа ән авторлары ренжулі": Марат Омаров әншінің «Анашым» әнін неге орындамай жүргенін түсіндірді
Белгілі композитор Марат Омаров журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында әнші Нұрлан Өнербаевтың әйгілі «Анашым» әнін неге орындамай кеткенін ашып айтты. Оның сөзінше, туындыны айтуға ешкім заң жүзінде тыйым салмаған, алайда авторлардың әншіге деген өкпесі бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Композитордың айтуынша, мәселе ән орындалған кезде туынды авторларының аты-жөні аталмауынан туындаған:
«Бәрің Нұрлан Өнербаевтың ғана нұсқасын тыңдап жүрсіңдер. Біз оған тыйым салған жоқпыз. Мен бармын, басқа авторлар бар. Біз тек ренішімізді айттық. Әнді айтқанда авторларды неге хабарламайсың деп ескерткенбіз. Өнербаев соған тырысып, айтпай қалды. Әйтпесе ешкім оған заң жүзінде бұл әнді айтпа деп тыйым салған жоқ», — деді Марат Омаров.
Сонымен қатар Марат Омаров әннің орындалу мәнерін қалыптастыруға өзі тікелей атсалысқанын атап өтті:
«Халық сүйіп тыңдайтын, Нұрлан Өнербаевтың әні деп қабылдайтын туындыны оған өзім үйреттім. Интонациясын дұрыстадым. Ол нота білмейді, музыкалық сауаты жоқ адам. Мен ешқандай тыйым салған жоқпын. Өнербаевқа ән авторларының өкпесі қара қазандай», — деп түйіндеді композитор.
Соңғы жаңалықтар