ҚТЖ басшысының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталуынан кейін алғаш рет ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
ҚТЖ мәліметінше, жолаушылар мен жүк тасымалы бұрынғы тәртіппен жалғасып жатыр. Компания барлық міндеттемесін толық орындайтынын мәлімдеді.
««Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жұмысын штаттық режимде жалғастыруда. Тасымалдау процесі үздіксіз жүзеге асырылып, жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы толық көлемде қамтамасыз етіледі. Қозғалыс қауіпсіздігі және тасымалдау кестесінің орындалуы үнемі бақылауда. Компанияның жолаушылар мен клиенттер алдындағы барлық міндеттемелері толық көлемде орындалады», – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев пен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың және басқа да адамдардың ұсталғанын хабарлаған еді. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып 2026 жылғы 20 шілдеде тағайындалған.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры да басшысының ұсталуынан кейін мәлімдеме жасаған болатын.
Соңғы жаңалықтар