Жезқазғанда 3 000 адамға арналған жаңа мешіт ашылды

Жезқазғанда 3 000 адамға арналған жаңа мешіт ашылды
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Жезқазғанда 3 000 адам бір мезгілде құлшылық ете алатын Ұлытау облысының орталық мешіті ашылды. Құрылысты «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырған, деп хабарлайды Politico.kz.

Мешіттің ашылу салтанаты 13 қарашада өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс» корпорациясының Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, өңірдің құрметті азаматтары, ақсақалдар мен құрылыс компаниясының өкілдері қатысты.

Мешіттің құрылысы 2025 жылы басталған. Сол жылдың шілдесінде Бас мүфтидің қатысуымен іргетасы қаланған еді. Жобаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тапсырыс беріп, құрылыс жұмыстарын «Integra Construction» ЖШС жүргізді.

Діни басқарма төралқасының шешімімен жаңа ғимаратқа «Ұлытау облысының орталық мешіті» атауы берілген.

Жезқазғанның орталық бөлігінде орналасқан екі қабатты мешіттің жалпы ауданы шамамен 3 800 шаршы метр. Оның айналасындағы 4 855 шаршы метр аумақты көгалдандыру қарастырылған. Мұнда құлшылық етумен қатар діни-ағартушылық шаралар өткізуге мүмкіндік бар.

«Бүгін – Ұлытау облысының рухани өмірінде айрықша әрі тарихи күн. Ел тарихының алтын бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – имандылыққа, ізгілікке және рухани құндылыққа деген құрметтің жарқын көрінісі», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ал «Қазақмыс» корпорациясының Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков жаңа мешітті рухани құндылықтар ордасы деп атады.

«Біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін, ұрпақ сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылығын дәріптейтін жаңа рухани орталықтың есігін айқара ашып отырмыз», – деп атап өтті ол.

«Қазақмыс» Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған меморандум аясында өңірдегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаны қаржыландырып, жүзеге асыруға қатысып жатыр.

Атап айтқанда, Жезқазғанда жаңа мешітке жақын орналасқан Кеңгір су қоймасының жағалауын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Сонымен қатар қаладағы «Жастар» саябағы абаттандырылып, С. Қожамқұлов атындағы театр жөнделіп жатыр. «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясының спорт алаңын жаңарту жұмыстары да жалғасуда.

Ұлытау университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Студенттерге арналған жатақхананың құрылысы да соңғы кезеңге жеткен.

Ал Сәтбаев қаласында Кенші даңқы алаңын және травматология бөлімшесі бар қалалық аурухананы қайта жаңарту жобалары жүзеге асырылып жатыр.

«Біз үшін Ұлытау облысының дамуы айрықша маңызды. Өндірісті жаңғырту барысында компаниямыздың басты қағидатын – халық игілігі үшін қызмет етуді басшылыққа аламыз», – деді «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Компанияның хабарлауынша, 2027 жылы өңірде көпфункционалды Конгресс-орталық, футбол стадионы мен заманауи теннис орталығын салу жоспарланып отыр.

Бұл жобалар қаланы көркейтіп, тұрғындардың білім алуына, спортпен шұғылдануына және мәдени демалысын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған. Сондай-ақ олардың мақсаты – Ұлытау облысы халқының тұрмыс сапасын жақсарту.

«Қазақмыс» корпорациясының мәлімдеуінше, олар алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобаларды қолдауды жалғастырады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу