Онлайн жиында темекі шеккен мәслихат төрағасына айыппұл салынды
Қарағанды облысында онлайн жиын кезінде электронды темекі шеккен Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Саққұлақовқа айыппұл салынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде оның қызметтік кабинетінде жұмыс үстелінің басында отырып, Zoom арқылы жиынға қатысқан видеосы тараған. Кадрдағы әрекеті желі қолданушыларының наразылығын туғызған.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау кезінде осы бейнежазбаны анықтап, тексеру жүргізген. Олар видеодағы адамның Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы екенін және электронды темекі шеккенін растаған. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қарағанды облысының полиция департаменті лауазым, мәртебе немесе қоғамдағы орын заң талаптарын сақтау міндетінен босатпайтынын атап өтті. Ведомство заң мен тәртіптің баршаға бірдей екенін еске салды.
Қанат Келгенұлы 1963 жылы 9 желтоқсанда Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылында дүниеге келген. 1980 жылы орта мектепті, 1985 жылы Қарағанды политехникалық институтын жол-құрылыс машиналарының инженері-механигі мамандығы бойынша бітірген.
Соңғы жаңалықтар