Оралда колледж директоры студенттер арқылы 49 миллион теңгені қалтаға басқан

19.11.2025 10:13 Арман Ермеков
Оралда колледж директоры студенттер арқылы 49 миллион теңгені қалтаға басқан
0
740
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында білім ошағының басшысы мемлекет қазынасына қол сұқты деген күдікке ілінді. Колледж директоры студенттердің санын қолдан көбейтіп, қыруар қаржыны жымқырған, деп хабарлайды Politico.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

ҚМА аумақтық департаменті қазіргі таңда бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, «Батыс Қазақстан индустриалдық колледжі» МКҚК басшысы оқу процесіне мүлдем қатысы жоқ, сабаққа келмейтін 54 азаматты жалған түрде студент ретінде тіркеген.

Бұл «өтірік студенттер» қағаз жүзінде колледждің белсенді білім алушылары болып танылған. Директордың ұйымдастыруымен оларға жалған бағалар қойылып, сабаққа қатысу табельдері мен үлгерім құжаттары тұрақты түрде толтырылып отырған. Оқу орнының қабырғасын көрмеген бұл адамдарға мемлекеттік стипендия, ал жекелеген жағдайларда тіпті жоғарылатылған мөлшердегі шәкіртақы тағайындалған.

Арам ойды жүзеге асыру үшін жалған студенттердің атына арнайы есепшоттар ашылған. Оларға түскен стипендия төлемдерін алу үшін банк карталары тікелей директордың немесе оның сенімді өкілдерінің қолына беріліп отырған. Кейіннен картадағы қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, басшылықтың жеке қажеттілігіне жаратылған.

Осылайша, колледж директоры жалпы сомасы 49 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын заңсыз иемденген.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ал мемлекетке келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында сот санкциясымен директордың жеке пәтеріне тыйым салынды.

Қаржылық мониторинг агенттігі ресми хабарламасында директордың аты-жөнін атамағанымен, колледждің ресми сайтында басшы ретінде Мұхамбетәлиев Серік Хайырұлы есімді азамат көрсетілген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий