Орталық Азиядағы су үшін соғыс кейінге қалды

Орталық Азиядағы су үшін соғыс кейінге қалды
11.05.2024 13:46
0
82
Биыл Сырдария мен Әмударияда су деңгейі жоғары болады деп күтілуде. Қардың мол түсуі, жаңбырдың көп жаууы арқасында 2024 жылы Сырдария мен Әмудария өзендерінде судың жоғары деңгейі тіркеледі деп болжанып отыр. Әрине, тарихи рекорд болмайды, бірақ соның өзі біраз мәселені биылға шешуге мүмкіндік бермек. Бұл туралы Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев мәлімдеді.
Су ресурстарын пайдалану мәселесіне қатысты ынтымақтастыққа тоқталған ол Орталық Азияның 5 елі су лимиттеріне қатысты келісімге келетінінен үміт білдірді.
"Барлық бес мемлекет су лимиттерін келісімнен өткізуде. Біздің соңғы кеңесіміз Шымкентте өтті. Онда су қоймаларының қазіргі ахуалын талқыладық. Дегенмен, биылғы жылы Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі былтырғыға қарағанда әлдеқайда жоғары болады деп жорамалдануда. Көп жылдық нормаға салсақ, Сырдария өзенінде су көлемі 85–90%-ға, Әмударияда – 90–95%-ға дейін жетеді деп болжанып отыр", – деді министр Шавкат Хамраев Олий Мажлис депутаттары алдында сөйлеген сөзінде.
Оның хабарлауынша, қазіргі уақытта Өзбекстан еріген қар мен жауған жаңбыр суын қаптаған арналар арқылы жинап жатыр. Осының арқасында өзбекстандық су қоймаларына қазірден 1,5 миллиард текше метр қосымша су құйылды. Бұл жөнінен өзбек көрші трассаларды жарып-сүріп, Ресейден келіп жатқан ғаламат тасқын суын негізінен қу медиен далаға босқа ағызып жіберіп жатқан Қазақстанға үлгі-өнеге бола алады. Ол ресурс не құмға сіңеді, не топырақты шектен тыс ылғалдандырып, соры бетіне шыққан ақ тақырға айналдырады. Өзбекстанның су министрі ең құрығанда, биыл су үшін соғыс болмайтынын тұспалдады. Оның айтуынша, ашықтық саясатының арқасында соңғы жылдары көрші елдермен арада су шаруашылығына қатысты тығыз ынтымақтастық орнай бастады.
"Су бізді дұшпанға емес, досқа айналдырады. Өнімді ықпалдастыққа жол ашады. Тәңір берген сыйды бәріміз бөлісіп, тиімді пайдалану тәсілдерін пысықтап жатырмыз", – деді Шавкат Хамраев.
Сондай-ақ оның баяндамасынан Өзбекстанда "Ақылды су" бағдарламасы табысты жүзеге асып жатқаны мәлім болды. Оңтүстік көрші егістіктерді суару жүйелерін цифрлық технологиялар негізінде автоматтандырылған түрде басқаруға белсенді көшіруде. 2023 жылы елдің әр өңірінде 7,3 мың "Ақылды су" жүйесі орнатылған. 2,5 мың "Дайвер" жүйесі енгізілген: ол жер асты суларының деңгейін тұрақты өлшеп, онлайн режимде жауапты мамандарға көрсетіп отырады. Бұл жөнінен де Өзбекстан "Орталық Азия көшбасшысымын!" деп құр кеуде қағатын Қазақстанға тағылым мен ұлағат көрсетіп отыр. Мұны азсынсаңыз, Өзбекстан елдегі 21 ірі су қоймасын басқару процестерін автоматтандырып шықты. Қазақстан болса, өткен ғасырлардағы сияқты қоймаларындағы су ернеуінен шығып тасымауы үшін жыл сайын көктемде онда адамдардың кезекшілігін ұйымдастырады. Олардың үстінен биліктің биік лауазымды өкілдері тікұшақпен үнемі ұшып жүреді. 2020 жылғы "Сардоба" апатынан мезгілінде сабақ алған өзбек елінде бүгінде елдегі барлық су көлемін есепке алатын ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Онда тіпті республикадағы су тұтынатын әрбір объект пен абонентке қатысты есептілік жинақталады екен. Жүйе Big Data технологияларына құрылған ортақ деректер базасына иек артады. Дегенмен, қырғыз сарапшылары су үшін соғыс қаупінің сейілгеніне сенбейді.
"Егер бұрын елдер құнарлы жерлер мен пайдалы қазбалар сияқты ресурстар үшін бір бірімен айқасса, енді су үшін кең ауқымды соғыстың елесі кезіп жүр. Ауыз су үшін ғана емес, егіс суы үшін шайқас болуы мүмкін. Оның шеті де қылтиды: 2021 жылғы көктемде су таратушы пункт айналасындағы дау-дамай қырғыз-тәжік шекарасындағы қырғын атысқа ұласты. Екі жыл өткенде Иран мен Ауғанстан гидроресурстар үшін қарулы қақтығысқа дейін барды. Сондықтан Орталық Азияда суды әділетті бөлісу мәселесі бірінші орында болуға тиіс", – деді қырғызстандық саяси шолушы Ануар Ажиев.
Оның пікірінше, тіпті есірткі трафигі және лаңкестік проблемалары да мұның "тырнағына татымайды". Өйткені жаһанды климаттық кризис жайлаған заманда ғалымдар Орталық Азия елдерінің территорияларының үлкен бөлігі шөлге айналып, адам тұруға, егін салуға жарамай қалатынын ескертіп, дабыл қағуда. Мұның соңы ашаршылыққа соқтыруы ғажап емес. Қырғыз сарапшысының пайымдауынша, бұл жерде әңгіме – су ресурстарының тапшылығында емес, бірінші кезекте оны бөлісуде. Су мамандары "бірігіп жұмсай білсе, Орталық Азияның су қоры оған толық жететінін" айтады. Теңіз суын қоспағанда, ауызсу көлемі Африкадағыдан немесе Таяу Шығыс өңіріндегіден әлдеқайда көп. Алайда осы қор аймақ елдері арасында біркелкі бөлінбеген. Мысалы, Орталық Азияның ұзындығы жөнінен бірінші алып дариясы – Әмудария Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан аумағы арқылы ағады. Ұзындығы жөнінен екінші ірі өзен саналатын Сырдария болса, Ферғана алқабынан бастау алып, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан арқылы ағып, Аралдың қазақстандық бөлігіне құяды. Міне, осы Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарының жалпы көлемінің жартысынан астамы – жалғыз Тәжікстанның еншісінде. Төрттен бір бөлігіндейі – Қырғызстанға тиесілі. Қалған азғантай бөлігін өзге елдер бөлісуге мәжбүр. Мысалы, Түрікменстанға судың небары 2,5%-ы тиеді. Қырғыз сарапшылары орталықазиялық 5 елдің әзірге келісімге келуі неғайбыл деген пікірде. Өйткені саясаттары да әртүрлі: бірі суды гидроэлектр станцияларының қоймаларында бұғаттап, көбірек жинауға тырысса, енді бірі ауыл шаруашылығы егістерін суару үшін бұл ресурсты түскенін түскенше егін алқаптарына тезірек таратып жіберуге асығады. Қайшылығы бетке ұрып тұр, онысы шешімін таппай, ушыға берсе тіпті ауыз су тапшылығына соқтыруы ғажап емес. Белгілі болғанындай, Орталық Азия елдеріне АҚШ көмекке келіпті. Ол қаржыландыратын USAID ұйымы ОА аймағының барлық су артерияларын, өзен бассейндерін цифрландыру жобасын ілгерілетуде. Қарапайым тілде түсіндіргенде, жоба аясында су қоймаларына су есептегіштері орнатылады, олардың деректері жерсерігі арқылы деректерді өңдеудің бірыңғай орталығына түсуі керек. Осылайша, әр елдегі су арнасындағы, не су қоймасындағы су деңгейі шынайы уақыт режимінде қадағаланады. Бұл аймақ елдеріне жедел дерек негізінде су бөлуге қатысты қандай да бір ортақ шешімге дер кезінде келуге мүмкіндік берсе, игі. Қорыта айтқанда, орталықазиялық бес елге суға қатысты бітпес-қоймас келіссөздер емес, бастысы – ортақ жобалар мен инвестициялар қажет. Инвестициялар мамандардың пайымдауынша, бірінші кезекте ортақ су қоймаларын салып, алып арналар қазуға, күйреген ирригациялық артерияларды қалпына келтіруге, су өткізуші инфрақұрылымға, заманауи суландыру жүйелеріне, су үнемдеу технологияларына және басқасына бағытталғаны жөн.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или