«Осылай болып қалды»: Ақтауда Назарбаев мектебінің мұғалімі оқушылардың алдында кешірім сұрады

23.09.2026 16:48 Әсел МҰРАТ
«Осылай болып қалды»: Ақтауда Назарбаев мектебінің мұғалімі оқушылардың алдында кешірім сұрады
294
Фото: ашық дереккөз

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкеріне қатысты видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда оқушылар ер адамнан оның не себепті оқу орнына мас  күйде келгенін сұрап жатқанын көруге болады. Мектеп әкімшілігі оқиғаға байланысты ішкі тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Видеода оқушылар қызметкердің жағдайына алаңдап, оған бірқатар сұрақ қояды. Ер адам алкоголь ішкенін мойындап, жағдайдың «осылай болып қалғанын» айтады. Кейін оқушылардан өз әрекеті үшін кешірім сұрайды.

Жарияланым авторларының сөзінше, мұндай жағдай бұрын да болған көрінеді. Оқушылардың айтуынша, қызметкер мектепке алкоголь ішіп бірнеше рет келген, ал сондай жағдайлардың бірінде балалармен дөрекі сөйлесіп, оларды жанжалға итермелеген болуы мүмкін.

Дегенмен, бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаевтың айтуынша, видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін білім ордасының әкімшілігі қызметтік тексеру бастаған.

«Мектепте ішкі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазір айтылған деректердің барлығы тексерілуде. Егер тексеру барысында қызметкер тарапынан заңбұзушылық расталса, Еңбек кодексіне сәйкес тиісті шара қолданылады. Оның ішінде жұмыстан шығаруға дейінгі шаралар қарастырылған», – деді мектеп директоры.

Оқиға Маңғыстау облысының білім беру саласының да назарында. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, әлеуметтік желідегі жазба тарағаннан кейін білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік департамент мән-жайды анықтау үшін НЗМ әкімшілігіне ресми түрде жүгінген.

Министрлік Назарбаев Зияткерлік мектептері автономды білім беру ұйымы болғандықтан, оқу процесін ұйымдастыру мен ішкі бақылау мәселелеріне дербес жауап беретінін атап өтті.

Егер болған оқиға туралы ақпарат расталса, тек қызметкердің өзінің әрекетіне ғана емес, сонымен бірге ішкі бақылау жұмысына, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне де баға берілмек.

Қазір тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаға қатысты нақты қорытынды тек тексеру нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий