Отшашу атқан қазақстандықтарға салынатын айыппұл мөлшері белгілі болды
Қазақстанда отшашу атуға тыйым салынбағанымен, қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға айыппұл қарастырылған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы белгіленген, тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта орналасқан ашық аумақтарда ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Мұндай жерлерде ағаштар, электр желілері және отшашу тиіп кетуі мүмкін өзге де кедергілер болмауы тиіс.
Егер бұл талаптар сақталмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 2025 жылғы есеп бойынша бұл сома 78 640 теңгені құрайды. Сонымен қатар отшашуды 16 жасқа толмаған балалардың қолдануына қатаң тыйым салынған, ал мұндай жағдайда ата-аналары да дәл осы көлемде айыппұл төлейді.
Мамандардың айтуынша, отшашулардың басым бөлігі 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні, жаңа жыл басталғаннан кейін атылады. Ал 2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты рұқсат етілмеген жерде отшашу атқандарға салынатын айыппұл көлемі 86 500 теңгеге дейін артады.
Соңғы жаңалықтар