«Өзім үшін кешірдім». Бақытжан Бұқарбай туыстарының қалай үйін сатып жібергенін айтты
Баспагер, жазушы Бақытжан Бұқарбай журналист Аман Тасығанның TALK LIKE бағдарламасына берген сұқбатында 2020 жылы баспанасынан айырылып қалғанын және жақындарының опасыздығынан кейін қалай бір жыл ішінде үйлі болғанын әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.
«Бір жылда қалай баспаналы болғаным туралы кітап та шығардым. Жарнамасын жасамаймын. Бірақ білетін адамдар оқып, өзінің тіршілігінде, күнделікті өмірінде пайдаланып жатыр. Енді біз де қарапайым адамбыз. Басқа адамдарға тән нәрселер бізге де тән. Сол жақындарымыздың тарапынан болған бір опасыздық себебінен үйсіз қалдық. Құжаттармен байланысты сырттай әрекеттер жасады. Стоицизм көмекке келді. Басында есімде, «қалай болды, не болды?» деп қабылдай алмайсың, эмоцияң бар, басқасы бар. Бірақ эмоциямды жеңуім керек болды», — деді Бақытжан Бұқарбай.
Ары қарай баспагер өзінің үйін алаяқтықпен сатып жіберген жақындарын кешіргенін айтты. Сондай-ақ, ол бір жылда баспаналы болуына отбасымен қандай келісімдер септігін тигізгенін баяндады.
«Сөзімнің басында да айттым, энергия — шексіз нәрсе емес. Егер мен дұрыс емес шешім қабылдасам, менің энергиям шектеулі, мен оны дұрыс емес нәрсе мен нәтижесіз нәрсеге жіберіп аламын. Күшім не нәрсеге керек? Бала-шағам, отбасым бар. Қайтадан үйлі болуым керек. Соған жұмсамаймын ба?! Сөйтіп, эмоциямды тез арада қалпына келтіріп, қиянат жасаған тарапты кешірдім — өзім үшін кешірдім. Сөйтіп, ары қарай отырып үйде... Мен де сұрақты қызықтыратындай, сатуға болатындай етіп қоямын ғой: «Сен үйге үш жылда кіргің келе ме, бес жылда кіргің келе ме? Бір жылда кіргің келе ме?» — деп. Жауабын түсініп отырған боларсың, барлық адам ерте кіргісі келеді ғой, бір жылда. «Бір жылда болса, мен он адамның жұмысын істеп, күніне үш-төрт сағат қана ұйықтаймын. Басқа жолын көріп тұрғаным жоқ. Қазір менің қабілетім, дағдым, мүмкіндіктерім осылай жұмыс істеп қана нәтижеге жетуге жол ашады. Сондықтан үш-төрт сағат ұйықтап, ұйқысын жүйелі түрде қандыра алмаған адам ашулы болады. Мен артық айтылған сөзді көтере алмай қалуым мүмкін, ұрыс-керіс болады. Яғни, біздің түпкі мақсат — үйге жету. Келісіп алайық, бір жыл десең — өзіңе қатысты талапты сәл арттыру керек. Қиын болады, бірақ нәтижесін көреміз» дедім әйеліме. Сөйтіп келістік, қол алыстық. Сөзімде тұрдым, бір жылда үйге кірдік», — деді Бақытжан Бұқарбай.
Десе де Бақытжан Бұқарбай «он адамның жұмысын істеген бір жылдың» өзінің ең бақытты кезеңдерінің бірі болғанын жасырмайды.
«Сондай жағдайлар басымыздан өткен. Бір жылдағы тәжірибе — менің ең бақытты жылым. Өйткені жүз пайыз саналы өтті. Әрбір секундына дейін. Өйткені әрбір секунды, әрбір минуты құнды болды. Сол тәжірибемді кітапқа жазайын, бәлкім біреуге керек бола ма, болмай ма дегендей кітап шықты», — деді баспагер.
Журналист Аман Тасыған баспагерден «Яғни, сіздің үйіңізді сіздің сыртыңыздан сатып жіберген бе?» деп нақтылады.
«Иә, қағаздарын реттеп, иеленіп алды былайша айтқанда. Ол — жақын адамдарымыз», — деді Бақытжан Бұқарбай.
Соңғы жаңалықтар