«Өзімізге қарсы ойнап жатырмыз»: Тимур Турлов Асаубаеваның жағдайына қатысты пікір білдірді

13.06.2026 08:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Өзімізге қарсы ойнап жатырмыз»: Тимур Турлов Асаубаеваның жағдайына қатысты пікір білдірді
24
Фото Тимур Турловтың facebook-тағы парақшасынан

«Freedom Holding Corp.» халықаралық холдингінің негізін қалаушы әрі бас директоры, Қазақстан шахмат федерациясының басшысы Тимур Турлов өзінің Facebook парақшасында отандық шахмат төңірегіндегі соңғы жағдайларға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Politico.kz хабарлайды.

«Достар, соңғы күндері қазақстандық шахмат төңірегінде болып жатқан оқиғаларды мұқият бақылап отырмын. Жағдай шынымен де жағымсыз болғандықтан, ұзақ уақыт бойы ештеңе жазғым келмеді. Бірақ бұдан әрі шеттеп қалудың мәнін көріп тұрған жоқпын», – деп жазды Тимур Турлов.

Холдинг басшысы бұл спорт түрі өзі үшін ешқашан формалды міндет немесе жеңіл-желпі дүние болмағанын түсіндірді.

«Бүгінде бұл – менің өмірімнің елеулі бөлігі. Оның үстіне, менің қатысуым ешқашан тек қаржыландырумен шектелген емес, сондықтан қазір қанша қаражат жұмсап, қанша үлес қосқанымды тізбектеп жатпаймын. Қазір қазақстандық шахматтың мықты кезеңі. Әлемнің ең ірі турнирлерінде жеңіске жетіп, еліміз туралы айтуға мәжбүрлейтін тұтас бір буын өсіп келеді. Мұның артында жүздеген адамның, бапкерлердің, ата-аналардың, ұйымдастырушылардың және жаңа бастағандардан бастап ұлы чемпиондарға дейінгі спортшылардың өздерінің еңбегі тұр», – деді ол.

Федерация басшысы ұйымның тек жоғары жетістіктер спорты емес екенін, өңірлердегі балаларға да инвестиция құйылып жатқанын атап өтті.

«Біздің ойыншыларымыздың күндердің күнінде әлемнің ең мықты жүздігіне кіргенін қатты қалаймыз! Жасөспірімдер арасындағы нәтижелерімізге қарасақ, бұл біртіндеп іске аса бастағандай. Дәл қазір, осы өрлеу тұсында біздің шағымдар мен өкпе-реніш тіліне қаншалықты тез көшіп кеткеніміз, кінәлілерді оңай іздеп, лагерьлерге бөліне бастағанымыз мені алаңдатады. Негізінде, біз тақтаның бір жағында отырмыз және бір фигуралармен ойнаймыз», – деп жазды Турлов.

Ол отандық спортшылардың басты қарсыластары халықаралық аренада екенін еске салды.

«Онда біздің жігіттер мен қыздар ел намысын қорғайды. Ал шын мәнінде, қазір біз өзімізге қарсы ойнап жатырмыз. Мұның бәрін балалар бақылап отырғанын да ұмытпау керек. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған ұл-қыздар біздің жетекші ойыншыларымызға қарап бой түзейді. Тұтас бір буын үшін қиын сәтте чемпионның өзін қалай ұстайтыны маңызды. Маған әрбір спортшымыз, оның нәтижелері мен қиындықтары маңызды», – деді федерация президенті.

Турловтың сөзінше, дауысы қатты шыққан мәлімдемелер өзара сенімге сызат түсіреді.

«Олардың әрқайсысының артында өз үйі мен елі бар. Бірақ үй сенім мен өзара құрметке негізделеді. Қалыпты диалогқа қайта оралуды қиындататын айқай-шулы мәлімдемелер оны тек шайқалтады. Қазақстандық шахматшы қыздың әлемнің ең мықты ойыншылары қатарына кіруі – бүкіл ел үшін керемет нәтиже. Мұндай деңгейдегі талант сирек кездеседі, сондықтан оның ақпараттық шудың ішінде жоғалып кетпей, шахмат тақтасында ашылғанын қалаймын. Кейін кері қайтара алмайтын шешімдерді ашу үстінде қабылдамау маңызды», – деп түсіндірді ол.

Холдинг басшысы ең басты жеңістер әлі алда екенін, оған тек бір тудың астында бірігу арқылы ғана жетуге болатынын мәлімдеді.

«Әрқайсымыздың өз көзқарасымыз бен әділдікті өз түсінуіміз болуы мүмкін. Біз ренжісеміз, татуласамыз және дауласамыз, бұл біздің бей-жай қарамайтынымызды білдіреді. Ең қиыны басқа – эмоциялар жылдар бойы құрылған дүниені бұза бастағанда. Сенімді бір күнде жоғалтуға болады, ал оны қалпына келтіру үшін жылдар қажет, кейде ол тіпті қайтып оралмайды», – деді Турлов.

Ол қазақстандық шахматтың әлі толық әлеуетін ашпағанын алға тартты.

«Біз әлі өз әлеуетіміздің он пайызын да ашқан жоқпыз деп ойлаймын. Алда командалық турнирлер мен болашақ олимпиада, олардың артында әлем әлі білмейтін жаңа есімдердің тұтас буыны тұр. Мұның бәрі бізді байланыстыратын ортақ құндылығымызды сақтап қалған жағдайда ғана өзіміздікі болады. Барлығымыздың мақсатымыз біреу – қазақстандық шахматтың мықты бола түсуі. Осы шудың ішінде ең бастысын ұмытпау маңызды. Біз бір командамыз, және біздің төбемізде бір ту желбіреп тұр», – деп түйіндеді сөзін.

Еске сала кетейік, бұл дауға қазақстандық және әлемнің ең мықты шахматшыларының бірі Бибісара Асаубаеваның президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, спортшыларды қаржыландыру және қолдау мәселелерін көтеруі себеп болды. Бұл мәлімдемелерді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев тез арада жоққа шығарды. Ол қаржыландыру болғанын айтып, президент табыстаған «Барыс» орденін шахматшының неліктен әлі күнге дейін алмағанын түсіндірді. Сондай-ақ, вице-министр спортшылар арасында ел намысынан гөрі ақшаны бірінші орынға қою тенденциясы пайда болғаны туралы пікір білдірді.

Бибісараның бұл үндеуі қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысынан қағылғаны туралы мәлімдемесінен кейін бірнеше күн өткен соң жарияланғаны белгілі. Ол кезде министрлік мәселені шешіп, спортшымен келісімшартқа отырған еді. Бұған дейін кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукас та президент Тоқаевқа жүгінген болатын.

Асаубаеваның соңғы мәлімдемесі министрлікке қайтарған жауабы болды. Онда ол Спорт министрінің басқа бағытты ұстанып отырғанын жазған. Айтпақшы, бұл сөзді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қолдап, шахматшының түрлі партиялар үшін жақсы кандидат екенін меңзеді. Сонымен қатар, спортшы өзінің бұған дейін Ресей атынан өнер көрсеткен өткені және Президент әкімшілігінде жұмыс істеген, оның дамуына кедергі келтірген туған ағасы туралы желіде жазба жариялады.

Войдите, чтобы оставить комментарий