Пәтерлерін жалға беріп, салықтан жалтарғандарды үлкен қиындық күтіп тұр

Пәтерлерін жалға беріп, салықтан жалтарғандарды үлкен қиындық күтіп тұр
22.10.2025 16:26
0
718

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов пәтерін жалға беріп, салық төлемейтін қазақстандықтарды не күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Вице-министрдің айтуынша, салық төлемейтін мұндай қазақстандықтарды «көлеңкеден шығару» жұмысы жүргізіліп жатыр.  Министрлік бұл саланы заңды айналымға енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Ол үшін түрлі жеңілдетілген салық режимдері жасалып, соның ішінде тіркеусіз-ақ жылына бір рет декларация тапсыруға мүмкіндік беретін арнайы салық режимі қарастырылған.

«Біз камералдық бақылау жүргіземіз, деректерді салыстырамыз. Егер жеке тұлғаның 10 пәтері болып, өзі бір мекенжайда тұрса, демек қалған 9 пәтерін жалға беруі мүмкін. Біз бұл бағытта үй иелерінің бірлестігі мен учаскелік полицейлермен бірлесе жұмыс істейміз. Сондай-ақ егер осы азамат ай сайын мобильді аударымдар немесе басқа арналар арқылы ақша алып отырса, бізде оған қатысты сұрақтар туындайды», – деді Ержан Біржанов мәжіліс кулуарында.

Айта кетейік, камералдық бақылау салық органдарының үшінші тарап деректерімен және салық декларацияларымен қашықтан салыстыру арқылы тексеру жүргізуі. Егер заңбұзушылық анықталса, хабарлама жіберіледі.

Вице-министрдің айтуынша, бұл мәселе тек салық жинаумен емес, қылмыспен күреспен де байланысты, себебі есеп жүргізілмеген пәтерлерде тіркеусіз, кім екені белгісіз адамдар тұруы мүмкін.
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий