Павлодарда екі баласын терезеден лақтырған әйел жазаланбайтын болды
Павлодар облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында терезеден екі баласын лақтырып, кейін өзі секірген әйелдің ісі жабық режимде қаралды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Сот оның әрекеті аса ауыр санаттағы қылмыстарға — ҚР ҚК-нің 99-бабының 3-бөлігі «Кәмелетке толмағанды өлтіру» және 24-баптың 3-бөлігімен бірге 99-баптың 3-бөлігі «Кәмелетке толмағанды өлтіруге оқталу» бойынша сараланғанына қарамастан, айыпталушы қылмыс кезінде есі дұрыс емес деп танылғандықтан қылмыстық жауаптылықтан босатты.
Судья Жанна Нығыбаева шығарған шешімге сәйкес, «айыпталушыны қоғамға қауіпті әрекеттерді жасау кезінде есі дұрыс болмағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босату, оны қатаң бақылауы бар арнайы психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуге жіберу» туралы қаулы қабылданды. Оқиға 30 шілде күні түскі уақытта болған: әйел бесінші қабаттан алдымен екі баласын, кейін өзін тастап жіберген. Кіші бала ауыр жарақат алып, бір бүйрегі алынған. Операция кезінде жүрегі тоқтап қалғанымен, дәрігерлер қайта іске қосқан, алайда 1 тамызда бүлдіршіннің жүрегі тағы тоқтап, қайтыс болды. Ал үлкен бала екі аптадан кейін ауруханадан шығарылып, оған бір жылдық толыққанды реабилитация қажет екені айтылды.
Тамыздың соңында анасы да емханадан шығарылып, Психикалық денсаулық орталығына жеткізілген. Қазан айында қылмыстық істің тергеуі аяқталып, материалдар сотқа жолданды, ал отбасына қатысты барлық сот тыңдаулары толықтай жабық түрде өтті.
Соңғы жаңалықтар