Павлодарда жоғарыдан лақтырылған мұз кесегі әйелдің басына түсті: ол қан-жоса болып ауыр жарақат алды
Павлодарда көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан лақтырылған мұз кесегі әйелдің басына түсті. 25 жастағы әйел ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 8 шілде күні сағат 12:30 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, әйел үш жасар қызымен бірге дүкенге бара жатқан. Кенет оның басына жоғарыдан ауыр зат құлаған.
Соққыдан кейін әйел басын ұстап, жерге отыра кеткен. Осы кезде баланың арбасы төмен қарай сырғып кеткен. Басынан жарақат алып, қансырап тұрғанына қарамастан, анасы баласының арбасынан қалмай, оның соңынан жүгіріп барып тоқтатқан. Осылайша, ол баласын қауіптен құтқарып қалған.
Оқиғаның барлығы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Жарақат алған әйел медициналық көмекке жүгінді. Дәрігерлер оған миының шайқалуы және басының жұмсақ тіндерінің жарақаты диагнозын қойды. Әйелдің басына алты тігіс салынған.
Куәгерлердің болжамынша, ауыр затты біреу тұрғын үйдің балконынан немесе терезесінен лақтырып жіберуі мүмкін. Алдын ала нұсқалардың біріне сәйкес, бұған бала себеп болуы ықтимал. Алайда бұл болжам әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланғаннан кейін Павлодар облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, куәгерлерден жауап алған. Бейнежазбада жоғарыдан құлаған заттың әйелге тиген сәті анық көрінеді.
Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, оған қатысы бар адамды іздестіріп жатыр.
Полицияның мәліметінше, қылмыстық іс денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша тіркелген. Тергеу Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Әзірге оқиғаға кінәлі адам анықталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар